Биыл қос азаматтығы бар 525 адам анықталды
Сенат қос азаматтығы бар тұлғаларды анықтайтын тағы бір құжатты ратификациялады. Бұл сұрақ соңғы кезде жиі көтеріледі. Оған негіз де бар. Былтыр Қазақстанда екі елдің куәлігін иеленген 841 адам анықталған. Биыл ондай 525 факт тіркеліпті. Бұл туралы Сенат спикері айтты. Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, тізімге іліккендер арасында жергілікті мәслихат депутаттары да бар. Бізде қос азаматтыққа тыйым салынған. Қабылданған құжат осы заң бұзушылықпен күреседі. Сондай-ақ келісім екі ел арасындағы көші-қон сұрақтарын да реттеуге бағытталған.
Мәулен Әшімбаев ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Осы құжат бұған дейін басқа да елдермен ақпарат алмасу үшін жасалған келісімдердің қатарына кіреді. Келісімге сәйкес ақпарат алмасу мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылатын болады. Мақұлданған заң екі елдің миграция саласындағы құзыретті органдары арасындағы қарым-қатынасты дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз.
Сенат отырысында «Түркі инвестициялық қорын құру» туралы келісім де қаралды. Заң бауырлас елдердің бірлесіп әрекет етуін көздейді. Атап айтқанда түркітілдес мемлекеттерде инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік жобаларды қаржыландырады. Мәселен, біздің елде автожолдар мен теңіз портын салу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді.