Президенттік жастар кадр резервіне өту үшін бәсеке жоғары
Бір орынға 5 үміткер. Президенттік жастар кадр резервіне өту үшін бәсеке жоғары. Үшінші кезеңнің қорытындысы бойынша жобада 244 адам қалды. Алда оларды тағы үш сынақ күтіп тұр. Содан сүрінбей өткен 50 қатысушы резервке алынады. Жобаның артықшылығы неде және оған кімдер қатыса алады?
Президенттік жастар кадрлық резервінің бас кеңсесінде жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр. Мамандар үміткерлермен байланыс орнатады. Жобаға 5 жылдық еңбек өтілі мен жоғары білімі бар және 35 жасқа дейінгі барлық қазақстандық қатыса алады. Биыл бағын сынауға 6 мың адам ниет танытқан. Өтініш бергендер арасында шетелде жұмыс және оқу бабымен жүрген отандастарымыз да бар.
Салауат Мүксімов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
-Әр кезеңде үміткердің жеке ақпараты кодировка өтіп тұрды. Бұл іріктеудің шынайы өтуіне ықпал етті деп есептейміз. Келесі кезең жеке қабілеттілігіне баға беру кезеңі. Оның бастауы осы агенттікке келумен болады. Сол себепті өткен 244 үміткерді біз осы агенттікке шақырамыз.
Жаннат Дүбірова – аталмыш жобаның алғашқы, яғни 2019 жылғы жеңімпазы. Оған дейін бизнес, банк секторы, IT және логистикалық компанияларда жұмыс істеген. Қазір еліміздің ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары.
Жаннат Дүбірова, Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары:
-Резервке өткендерге жиі бос орындар ұсынылады. Бірақ мен ұзақ уақыт ойланып жүрдім. Бірде Ұлттық статистика бюросына цифрлық трансформацияны жүзеге асыру міндеті қойылды. Мен оны қысқа мерзімде іске асырып, сенімге ие болдым. Статистика реформасын тұжырымдадық. Бүгінде 67 жоба бойынша жұмыс жасаудамыз.
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу әдетте 6 бағытта жүргізіледі. Олар әлеуметтік саясат пен азаматтық қоғам, сыртқы саясат пен инвестициялар және инфрақұрылым мен өндіріс.
Салауат Мүксімов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
-Іріктеу кезінде сол таңдаған бағыттары бойынша әр сұрақтар бағытына қарай тапсырмалар қойдық және эксперттік комиссияның алдына келгенде де, мысалы, өзінің жобасын дәл сол бағытта ұсынуы керек. Неге үлкен талаптар десеңіз. Ол резервке өткен адамдардың мүмкіншіліктеріне байланысты. Әрқайсысы саяси лауазымға немесе корпус А-дағы немесе корпус Б-дағы басшылық лауазымға конкурссыз өтуге мүмкіндігі бар.
Жобаның төртінші кезеңі қазанның 19-ы күні басталады. Жылдың соңына дейін барлық алты кезең қорытындыланып, 50 адам іріктеледі.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов, Аманжол Байғазин