Сенат Төрағасының қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысы өтті
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысы өтті. «Әділетті Қазақстан және Ұлттық құндылықтар» тақырыбындағы іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар қатысты. Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда тарихи сананы қайта жаңғырту, мәдени мұраны сақтау және өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне баса мән берілді. Сенат төрағасы баяндағандай, осы орайда ашаршылық тақырыбы бойынша біраз архив құжаттары жарияланып, бүгінге дейін жеті томдық жинақ әзірленіпті. «Көшпенді өркениетке тән ой еркіндігі мен толеранттылық бүгінгі күнде түрлі радикалды көзқарастарға мойынсұнбауға мүмкіндік берді»,— деп мәлімдеді төраға.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
-Біздің ұлттық құндылықтарымыз, ең алдымен тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге, дәстүрімізге және ата дінімізге табан тірейтіні анық. Сондықтан біз бірегейлігімізді сақтауда осыған басымдық беруіміз керек. Дін мәселесінде ата-бабамыз қалыптастырып кеткен және уақыттың сынынан өткен рухани жолымыздан жаңылмауымыз керек. Ұлтымыздың ұлылары Абай, Шәкәрім мен Алаш қайраткерлері осыған үндеген. Сондықтан өткенге құрметпен қарау, төл мәдениетіміз бен дәстүрді қастерлеу — баршамыздың борышымыз.