«Ұлттық қор – балаларға» заң жобасы мақұлданды
Жарты жылға жуық талқылаудан кейін «Ұлттық қор – балаларға» заң жобасы мақұлданып, Президентке қол қоюға жіберілді. Бұған дейін жоғары палата депутаттары жобаға 10 түзету енгізген болатын. Әсіресе ақшаны жинақтау қорына аударған кездегі доллардың бағамы ұзақ талқыланды. Ол бір күнде 4-5 рет өзгеруі мүмкін. Осыны ескеріп оны аудару күні емес, аудару уақыты деп бекітілді. Заң ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% 18 жасқа дейінгі балалар арасында тең бөлуді көздейді. Ол жаңа жылдан бастап күшіне енеді. Елімізде қазір шамамен 6,5 млн адам кәмелетке толмаған. Мемелекет оларға арнайы шот ашып, сол жерге ақша аударылып тұрады. Жиналған қаржы тек білім алу мен тұрғын үй жағдайын жақсартуға ғана қолданылады. Болжам бойынша 18 жыл ішінде әр балаға 3,5 мың доллар жиналады. Ұлттық қордың кірістілігіне байланысты бұл сома өзгеруі мүмкін.