Хабар телеарнасы

Елімізде мемлекеттік сатып алу туралы Заңға өзгерістер енгізіледі

Қазақстанда мемлекеттік сатып алу туралы Заңға өзгерістер енгізіледі. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің сөзінше, енді компанияларды іріктеу кезінде жергілікті кәсіпкерлерге басымдық беріледі. Яғни оларға қосымша 1 ұпай қосылады. Алайда депутаттар мұны мардымсыз дейді. Сондай-ақ әлеуетті мердігерлердің материалдық жағдайы жан-жақты тексеріледі. Бас мердігердің қосалқы мердігер тартуы да бірқатар шектеледі. Енді бас мердігер жұмыстың кемінде жартысын өзі орындауы тиіс. Бір жылда жүздеген тендер ұтып алатын компанияларға да лимит қойылады. Басты өзгеріс: конкурстық процедуралар уақыты екі айдан 29 күнге дейін қысқарады. Айта кетсек, Мемлекет басшысы биыл Жолдауында мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіруді тапсырған еді.

Дәурен Кеңбейіл, ҚР Қаржы вице-министрі:
-Біз бір көзден сатып алуды азайту бойынша да жұмыстарды жоспарлы түрде жүргізіп келеміз. Егер 2021 жылдың қорытындысына сәйкес жалпы сатып алулардың арасында олардың үлесі 40% жуық болса, өткен жылдың есебі бойынша бұл көрсеткіш 25% болды. Ал биылғы жылдың 10 айында 19% төмендеді. Осылай біртіндеп қысқара береді.