Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуетімен танысты
Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Президентке аймақ басшысы Асхат Шахаров өңірдің экономикалық әлеуеті мен перспективті инвестициялық жобалары туралы баяндады.
Облыс әкімінің айтуынша, биылғы 10 айда өңір экономикасына 804,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайызға көп. Салынған қаржының негізгі бөлігі, яғни 725,5 миллиард теңге жеке инвесторларға тиесілі. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 62,6 миллиард теңге, металл кенін игеруге 145,6 миллиард теңге құйылған.
Биыл жалпы сомасы 57,2 миллиард теңге болатын 19 ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Барлық инвестициялық жоба үшін жасыл дәліз қағидаты енгізілген.
Сондай-ақ Президентке бірқатар инфрақұрылымдық жоба әзірленгені туралы мәлімет берілді. Қазір Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын автожолының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.
Содан кейін Мемлекет басшысына Ақтөбеде кәріз жүйесін тазарту қондырғысын салу жөніндегі жоба таныстырылды. Құны 53,5 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен қаржы тартылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтөбе қаласына «Бұхара – Орал» магистральды газ құбырынан үшінші желіні тарту жұмыстары жөнінде баяндалды. Жобаның жүзеге асырылуы қолданыстағы газ құбырларының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының әкіміне экология мәселесін тез арада шешуді тапсырды.
– Бұл жұмысты міндетті түрде соңына дейін жеткізуіміз керек. Әйтпесе, халыққа зияны көп. Экология мәселесі өте өткір әрі өзекті. Сондықтан бұл мәселеге баса мән беру қажет, – деді Президент.
Бұдан бөлек, ірі компаниялардың өкілдері Мемлекет басшысына өздерінің инвестициялық жобаларын таныстырды.
Атап айтқанда, ERG бас директоры Серік Шахажанов Ақтөбе облысында Экологиялық стратегияның іске асырылуы жөнінде баяндады. Осы мақсатта 2030 жылға дейін 228 миллиард теңге көлемінде инвестиция құю жоспарланып отыр. Аталған Стратегия шеңберінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №1, 2 балқыту цехтарының газ тазарту жүйесін жаңғырту жұмыстары аяқталды.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ли Шуфэн Қасым-Жомарт Тоқаевқа мұнай мен газды дайындау ісінде заманауи технологияның ең жоғары стандарттарына сай келетін Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешеніне қарасты Үшінші газ өңдеу зауытының (ГӨЗ-3) бірінші, екінші және үшінші кезекте жүзеге асырылатын жобалары туралы айтты. Жалпы инвестиция көлемі – 3,5 триллион теңге.
Eni Plenitude Arm Wind компаниясының басқарушы директоры Алекс Стиллавато Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан аумағында іске асырылған жобалар туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, кәсіпорын Ақтөбе облысында «Бадамша-1», «Бадамша-2» жел электр станцияларының, Түркістан облысы Шәуілдір кентінің жанында қуаты 50 МВт болатын бірінші күн электр станциясының құрылысын жүзеге асырған. Сондай-ақ ол Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының маңында «ҚазМұнайГаз» ҰК акционерлік қоғамымен бірлесіп, қуаты 250 МВт болатын Жаңартылатын энергия көздері+Газ гибридті электр станциясының жобасы әзірленіп жатқанын айтты.
KazFeltec ЖШС басшысы Ерлан Жаңабергенов Мемлекет басшысына қой жүнінен экологиялық таза әрі жылу сақтайтын материалдар шығаратын зауытты іске қосу жобасын таныстырды. Нысанға жалпы көлемі 5,3 миллиард теңге инвестиция салу көзделіп отыр.
AqtobeCem компаниясының бас директоры Станислав Щербаков Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтөбе облысында жалпы сомасы 70 миллиард теңге болатын цемент клинкер өндіретін зауыттың жобасын ұсынды.
«ҚазақБитум» компаниясының бақылаушы кеңесінің төрағасы Бекжан Мамыт Президентке сомасы 32,2 миллиард теңгені құрайтын битум зауыты-терминалын салу жобасы туралы айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің қолға алған жобаларының табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.