ЖЕЭК: Қорытынды отырыс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Санкт-Петербург қаласына жетті. Президент сондай-ақ ТМД елдері басшыларының бейресми кездесуіне де қатысады.
Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет басшылары Петербор қаласында кездеседі, бұл дәстүр биыл да бұзылған жоқ. Не істелді, не істелуі керек? Бестік бірлестік басшылары осыны талқылайды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытынды отырысына қатысу үшін президенттердің алды Санкт-Петербург қаласына кеше келе бастаған. Қазақтан Президентінің борты Петербордың Пулкова әуежайына бүгін келіп қонды.
Жалпы биылғы отырыс бұрынғыдан әлдеқайда маңыздырақ болатынын бұған дейін Еуразиялық комиссия мүшелері мәлімдеген болатын. Бүгінгі кеңес барысында бестік басшылары жиырмадан астам мәселені талқылайды. Оның ішінде экономикалық бірлестіктің 2030 жылға, тіпті 2045 жылға дейінгі даму декларациясы бар. Мұндай көпжылдық жоспар түзуіне қарағанда экономикалық одақтың бүгініне барлық тараптың көңілі толатын секілді. Енді сандарға келетін болсақ, әзірге биылғы көрсеткіштер жарияланған жоқ, ал былтырғы статистика бойынша Қазақстанның одаққа мүше өзге елдермен өзара саудасы 28 млрд доллардан асқан.
Қайырбек Арыстанбеков, экономист:
-Сыртқы сауда тапшылығы азайып жатыр қазір. Әсіресе Ресеймен. Бұл жақсы нәрсе. Өйткені тапшылығы дегені дефицит, біз бір бөлігімізді ІЖӨ бердік деген сөз орысша айтқанда, ал профицит деген сөз басқа елден ІЖӨ алдық деген сөз. Ал ІЖӨ бұл халықтың әл ауқаты.
Биылғы отырыстың тағы бір маңызды тұсы бүгін Еуразиялық экономикалық одақ Иран Ислам Республикасымен Еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қояды. Еуразиялық комиссия мүшелері бұл құжатты рәсімдеуге үш жылға жуық уақыт кеткенін айтып отыр.
Андрей Слепнев, Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі министрі
-Иранмен бұған дейін уақытша келісім болған. Бірақ ол тасымалданатын тауарлардың аз бөлігін қамтитын. Иран үлкен нарық, сондықтан ресми бекітілген бұл келісім арадағы көрсеткіштерді еселеп арттырады деп сенеміз. Оның ішінде қазақстандық өнімдерді, ең алдымен бидай мен арпаны жеткізу үшін елеулі перспективаларды көріп отырмыз. Металл, химиялық өнімдер бойынша Қазақстанның мүмкіндіктері орасан, Иранның инфрақұрылымын дамытуға қатысты ауқымды жоспарларды ескерсек әрине бұл экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге барынша тиімді болмақ.
Айта өту керек, бүгінгі жиынға Армения тарапы да қатысып отыр. Бұған дейінгі жиындарға елдің премьер-министрі Никол Пашинян қатыспай келген еді.
Авторы: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Ділмұрат Сейдаханов