Ауыл шаруашылығы министрі жалған есеппен күреседі
Былтыр Ресейдің астығы біздің ішкі нарықты басып кетті. Шаруаларымызда көршілермен бәсекелесетін қауқар жоқ. Қазақстандық фермерлер гектарынан орташа есеппен 9-10 центнер өнім алып отырса, Ресейде бұл көрсеткіш 20-25 центнерден асады. Бұл агроөнеркәсіп кешенінде қалыптасқан түйткілдердің бір парасы ғана.
Мәселен, суармалы алқаптар, агротехнология игілігін пайдалану төмендігі сияқты қат-қабат проблемалар бар. Мұны Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрінің өзі мәлімдеді және қордаланған мәселелерді Жаңа жол картасы есебінен еңсеру жоспарымен бөлісті.
Бізде құс етінің басым бөлігі сырттан импортталады. Министр өз баяндамасында алдағы 3 жылда 27 жоба іске асып, құс етінің көлемін 255 мың тоннаға жету көзделетінін атап өтті. 29 жылға дейін ірі қара басын 11 млнға, ұсақ мал санын 30 млнға жеткізу міндеті тұр. Бұл ет мәселесінің шешімі. Түйіні тарқамаған тағы бір түйткіл бар. Қазақ даласында жүн мен тері кәдеге аспай шіріп жатыр.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Қазір Ақтөбе облысында осы 2-3 жылдың ішінде бір үлкен жоба дайындалуда. Жүн өңдеу фабрикасы салынып жатыр. Биыл жылдың аяғына шейін аяқталады. Сол жерде жүнді өңдеуге жұмыстар басталады. Ол жүнді қалай жинаймыз. Әр облыста өзінің заготконторасын салып, жүнді Ақтөбеге жеткізсек, сонда біраз мәселелеріміз шешіледі. Екіншіден бұл жерде тері мәселесі де бар. Италияның басқа да компанияларымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы мәселені шешсек, ауылға үлкен қолдау болар еді.
Агротехнология, су үнемдеу мен тыңайтқыш мәселесі. Бізде 1,5 млн гектар суармалы алқап қана пайдаланылса, су үнемдеу технологиясы 312 мың гектарда ғана қолданылады. Тыңайтқыштардың үлесі 21%, ал асыл тұқымдардың үлесі 7%. Енді агротехнологияны дамытуға күш салынбақ. Ал ол өз кезегінде бірнеше проблеманы шешеді, өнімділік, экология және өнімнің бағасы.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Технологияны дұрыс кіргізу керек. Жалпы өнімді жақсы алу керек. Сонда баға да төмен болады. Сол үшін біз барлығын қарастырып жатырмыз. Бүгін шындығын айтып жатырмыз. Құр жай қағазға жаза беруді қою керек. Тоқтату керек. Технологияны енгізіп, жақсы өнім алуға тырысу керек. Әрбір гектардан жақсы өнім алсақ, оның бағасы төмендейді. Сол үшін биылдан бастап подходымыз өзгереді.
Министрге қойылған тағы бір мәселе. Жалған статистика. Ауыл ауданға, аудан облысқа, облыс Республикаға есеп бергенде, көрсеткіштерді көбірек қосып жібереді. Бұл баяғы кеңес заманында 100 қойдан 130 қозы алдым деп көпіртіп есеп беруді еске салады. «Ауылшаруашылығы саласында енді бұған жол берілмейді»,— дейді министр. Арнайы комиссия құрылған екен.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Биылдан бастап тоқтайды. Бірінші жарты жылдың аяғына шейін біз өсімдік шаруашылығы мен малшаруашылығын орнына келтірткізіп, есепті түзеп, әрмен қарай бұл көрсеткішті әкімнің есебіне кіргізбейміз, сонда жаңағы көрсеткіш азаяды. Индикаторлар бар әкімдерге қойылған. Селолық әкім, аудандық әкім. Ол индикаторды алып тастаймыз. Әрмен қарай бұл бақылауда ұсталынады. Жауапкершілікке тартамыз. Осының бәрін орнына келтіртеміз. Сосын барып жұмыс түзеліп кетуге мен ойлаймын, жауап береміз.
Қорыта айтқанда жол картасын іске асыру нәтижесінде биыл ауылшаруашылығының жалпы өнімдерін 7.4% дейін өсіріп, еңбек өнімділігін бір жұмысшыға 5 млн теңгеге дейін жеткіземіз деп отыр. Айтпақшы фермерлерге жеңілдетілген несие беруге 1,5 трлн теңге қаржы көзі қазірдің өзінде керек. 2029 жылға дейін агроөнеркәсіп кешені өнімділігін екі еселеу міндетін орындаудың басы әзіге осылай басталып жатыр.
Авторы: Берік Дүйсенбай