Парламент Мәжілісінде жаңа Су кодексі таныстырылды
Оны ұсынған вице-министр бұған дейін 20 жыл ішінде 270-тен аса өзгеріс енгізілген ескі құжатпен салыстырғанда жаңа кодекс су ресурстарына қатысты барлық сұрақты қамтиды деп мәлімдеді. Ал депутаттар өз кезегінде су мәселесіне қатысты қордаланып қалған сұрақтары барын, сәйкесінше кодексті мұқият талқылайтындарын айтты.
Жигули Дайрабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әртүрлі субъектілердің су құбырлары мен магистральдарға заңсыз қосылу арқылы су ресурстарын бақылаусыз және ақысыз пайдалану үлкен мәселе болып табылады. Президент 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты" атты жолдауында атап өткендей су шаруашылығында судың қара нарығын толығымен жою қажет деп атап өтті. Бұл мәселе қалай шешіледі?
Су ресурстары вице-министрі баяндағандай су қорын пайдалану және қорғау мәселесіне енді қоғамдастық, яғни халық араласа алатын тетік енгізілмек. Оның сыртында мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында бассейндік инспекциялар саны 98-ден 242-ге көбейтілетін болды. Сондай-ақ су ресурстарын басқарудың жаңа экономикалық механизмдері, яғни суды қайталама пайдалану және цифрлық технологиялар негізінде үнемдеу жолға қойылмақ. Жаңа ұғым енгізілуде. Суды пайдаланушылардың кондоминимумы. Қарапайым тілмен айтсақ ол, су арналарын бірнеше су пайдаланушының кооперация негізінде ортақ пайдалануы.
Мәжілісте таныстырылымы болған жаңа Су кодексі 6 бөлімнен, 14 тармақтан және 121 баптан тұрады. Жұмыс тобының отырыстары барысында депутаттардың сын ескертпелері негізінде біраз өзгеріс болуы мүмкін екенін айта кеткен жөн.