Малайзия премьерінің Қазақстанға жасаған ресми сапары аяқталды
Екі ел өкілдері бірқатар нақты келісімшарттарға қол қойды. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 246,5 млн долларға жеткен. Оның 33 млн-нан астамы қазақстандық экспорт. Азияның оңтүстік-шығысындағы мемлекет бізден негізінен мұнай, қара металл өнімдері мен трансформаторларды импорттайды. Ал Қазақстанға тұрмыстық техника, телефон сынды тауарларды экспорттайды.
Қазір 30-ға жуық бірлескен компания жұмыс істейді. Малайзия тарабы оның санын өсіруге ниетті. Бұған қоса, екі ел азаматтары мен бизнесмендері үшін 30 күн визасыз режим және қолайлы тікелей әуе қатынасы бар. Сонымен қатар 500-ден аса қазақстандық студент Малайзия университеттерінде оқиды. Жақын уақытта Қазақстан мен Малайзия арасында жаңа тікелей әуе рейсі ашылады. Енді Алматыдан Куала-Лумпурға 7-8 сағатта жетуге болады.
Бүгін мәртебелі мейманды елорда әуежайынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шығарып салды. Өз кезегінде Ануар Ибрагим құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевты бүгінгі туған күнімен құттықтады. Арнайы әзірленген тәтті сыйлық та жасады.
17 мамыр — Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы үшін бұл әдеттегідей жұмыс күні. Атаулы датаға орай ешқандай іс-шара жоспарланбаған. Мемлекет басшысы бұған дейінгі жылдары да осындай ұстанымда болған. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев 71 жасқа толды. Айта кетері биыл Президент елдің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты бюджетті үнемдеу үшін елдегі имидждік және басқа да ірі іс-шаралардан бас тарту туралы тапсырма берген.