ШЫҰ саммитінен не күтеміз?
Жарты әлемнің назары Астанада. Еліміздің бас қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталады. Жарты әлем дейтін себебім, аталған халықаралық ұйымға қатысушы мемлекеттердің жалпы халқы 3,5 млрд адам, жалпы ішкі өнімі әлемдік экономиканың 25% құрайтын, 35 млн шаршы шақырымды алып, Еуразия құрлығының 70% алып жатқан ұлан ғайыр кеңістік.
Бүгінгі таңда 9 мемлекет Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіреді. Олар Қазақстан, Үндістан, Ресей, Иран, Қитай, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан және Өзбекстан. Саммитте Беларусь Республикасының ұйымға кіру мәселесі қаралады деп күтілуде. Әзірге ол Ауғанстан және Моңғолиямен бірге бақылаушы мемлекет мәртебесінде. Тағы 14 елмен диалог деңгейіндегі серіктестік орнаған.
Қазір саммит делегаттары қонақ дастарханында бейресми бас қосатынын (қосып жатқанын) айта кеткен жөн. Қазақша айтқанда жақсылап бір шәй беріп алады. Ал негізгі ресми шаралар ертең. Сонымен 3,5 млрд халық көз тігіп отырған алқалы жиыннан не күтеміз, Қазақстан төрағалық кезеңінде ұйымның дамуы мен ілгерілеуіне қандай үлес қосты?
Астананың сол жағалауы әдеттен жырақ тыныш. Енді ше, жаһандық күн тәртібіндегі түйткілдерді талқылауға мемлекет басшылары мен жүздеп делегаттар келді. Былтырдан бері халықаралық ұйымның төрағалық тізгінін ұстаған біздің бұл миссияны осымен 4-ші мәрте атқарып отыр. Жыл бойы қазақ елі атқарған істер, көтерген бастамалар пысықталады. Баға беріледі. Айтпақшы осы жаһандық жиынға жаһандағы ең үлкен – БҰҰ-ң бас хатшысы арнайы келіп отыр. Ол Қазақстанның жұмысына бағасын беріп те қойды.
«Қазақстанның бастамалары мен төрағалығының нәтижелері Біріккен Ұлттар Ұйымының күн тәртібіне сай келеді және біздің серіктестігімізді жалғастыруға берік іргетас қалады. Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы тұсында өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, даму, климаттың өзгеруі, сауда, экономика, мәдениет және гуманитарлық мәселелерін шешуге айтарлықтай күш-жігер жұмсалды, ол бағытта шамамен 80 іс-шара өтті. Бұдан бөлек, Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының тиімділігін арттыруды көздейтін жалпы стратегиялық мақсаттарын ескере отырып, оны көпжақты платформаға айналдыруға жұмылдырылған күш-жігерді үйлестірді».
Олжас Бейсенбай, саясаттанушы:
-Антониу Гутерриштің жеке өзінің келуі БҰҰ орнықты даму мақсаттарымен үйлестіру. Бұл жерде Президенттің де жақсы тактикасы деп ойлаймын біздің тараптан. Яғни ол БҰҰ жарғысының орындалуы, соны қатаң іске асыру. Яғни ШЫҰ аясындағы нақты міндеттердің біріне айналып отыр.
Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалықты Үндістаннан қабылдады, құр жатпады. 100-ден аса іс-шараның басын қайырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін ерекше атап өткен үш зұлым күш: терроризм, экстремизм және сепаратизммен күрес мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Жалпы 6 бағытты басымдық ретінде белгіледі.
Ол қауіпсіздік пен тұрақтылық, сауда-экономикалық байланыстар, энергетикалық ынтымақтастық, цифрлық саланы дамыту, экология мәселелелерінде ортақ іс-қимыл және мәдени-гумантарлық байланыстарды тереңдету.
Былтыр 2023 жылғы саммитте Мемлекет басшысы «бейбіт және бүкіл адамзаттың игілігі үшін үйлесімді даму мұраттары мен құндылықтарын ұжымдық ілгерілетуге» бағытталатын «Әділетті бейбітшілік пен келісім үшін дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеуді ұсынды. Ертеңгі саммитте құжаттың қабылдануын тараптар бірауыздан қолдады.
Чжан Мин, ШЫҰ бас хатшысы:
-Әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы үздіксіз трансформацияны талап етеді. 2022 жылы Самарқандтағы саммитте өзгерістердің қажет екенін айтқан едік. Енді сол өзгерістерге бастайтын келесі шешімдерді ертеңгі Астана саммитінде талқылағалы отырмыз. Ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрліктері тарапынан ұсыныстар пакеті беріледі. Ертең сол ұсыныстарға байланысты мемлекет басшылары қажетті шешімдер қабылдайды. Бұл ұйымымыздың болашақ бағдарын айқындамақ. Осы орайда әр мемлекеттің жеке мүдделері мен қауіпсіздік мәселесі есепке алынады. Ұйымның қызмет аясы кеңейіп, жаңа органдар пайда болады.
Әмір Башбаев, ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институты талдау және болжамдау тобының басшысы:
- Қазақстан үшін биылғы болатын саммиттің ерекшелігі өте зор. Бұл саммит бірінші рет ШЫҰ тарихында 2 форматта өтеді. Біріншісі мемлекет басшыларының кеңесі болады. Одан кейін ШЫҰ форматында болады. Бұл форматқа ШЫҰ мүше мемлекеттерден басқа ұйымның серіктестері байқаушылары және шақырған қонақтар келеді.
Сондай-ақ Астана саммитінің тағы бір айшықты сәті — сауда-экономикалық бағыт. «Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін ұйым аясында нақты экономикалық байланыстарды нығайту қажеттігін алға тартқан болатын. Ертең одан да нәтиже күтіледі»,— дейді сарарпшылар.
Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:
-Саммит барысында ШЫҰ инвестициялық қоры құрылады және бұл қор аясында ұйымға мүше елдер э кономикалық, транспорт логистика саласында нақты жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндіктер ашылады.
Саммиттің басты құжаты Астана декларациясы болмақ. Оның сыртында 20-дан астам маңызды құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Оның ішінде энергетикалық даму стратегиясы, 3 зұлым күшке қарсы жоспар, есірткі айналымына қарсы 2029 жылға дейінгі стратегия, терроризм мен сепаратизмге қарсы бірлеске іс-қимыл бағдарламасы сияқты құжаттарды сарапшылар ерекше атап отыр.
Ел мен елді жақындастыру дипломатияның діңгегі һәм міндеті. Бұл жолы Қазақстан құрамына жүздеген ел кіретін, бағыты мен көзқарасы әрқилы халықаралық ұйымдардың басын қосып отыр. Мемлекеттік мәселесін дастарқан басында уәдемен шешкен дала халқының тілімен тәпсірлесек: Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті - әлемдегі ұстанымы мен саясаты әр алуан күштерді бір дастарқан басына жинап, мүддесі тоқайласатын тұстарды бірлесіп іздеуге шақыруды көздейді. Әлемдегі тұрақтылық о бастан, ең бастысы мұнда Еуразия құрлығының кіндігі қазақ елінің де өз ұпайы жатыр.
Авторы: Берік Дүйсенбай