ШЫҰ: Экологиялық қауіпсіздік – тұрақтылық кепілі
Қазақстан Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуі кезінде ұйым кеңістігіндегі қауіпсіздік, сауда-экономика, көлік-транзит, цифрландырудан бөлек, экология саласына көп көңіл бөлді. Осы мәселеде мемлекеттер арасында өзара байланыстарды күшейтуге ықпал етіп, беделді ұйымдармен халықаралық деңгейдегі келісімдерге қол жеткізді.
Қазақстанның Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төрағалығы кезінде жалпы саны 150-ге тарта іс-шара өткізілді. Соның ішінде оннан астамы экологияға бағытталған. Ал ең негізгісінің бірі ретінде Кенияның Найроби қаласында өткен «Бір планета, бір болашақ: экологиялық тұрақтылық үшін күштерді біріктіру» халықаралық іс-шарасын айтуға болады. Қазақстанның ұйымға төрағалығымен дәл осы басқосуда ең беделді екі ұйым арасында келісімге қол жеткізілді. ШЫҰ мен БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы арасындағы қарым-қатынас орнатылды.
Қазақстан Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуі кезінде ұйым кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық, сауда-экономика, энергетикалық стратегияға ерекше назар аударды. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаға қатысты өзара байланыстарды нығайту қажеттігін алға қойды. Экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу және қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін еместігін ескерді. 2024 жыл экология жылы болып жарияланып табиғи апаттармен күрес, климаттың өзгеруіне бейімделу, ғылыми-техникалық ынтымақтастық, қоршаған ортаның ластануын азайту, тұрақты дамуға жәрдемдесу және экологиялық туризмді ілгерілету мәселелеріне мән беріліп отыр. Бүгінде әлемде су тасқыны, қуаңшылық, өрт, судың және топырақтың ластануы секілді түрлі табиғи катаклизмдер айтарлықтай көбейді. Осы ретте Қазақстан қоршаған ортаны қорғау проблемасын шешу үшін күш біріктіруді көздейді.
Ли Цзыго, Қытай халықаралық зерттеу институтының Еуропа және Орталық Азияны зерттеу департаментінің директоры:
-Қоршаған ортаны қорғау дүниежүзінде ең өзекті мәселенің бірі. Бүгінде әлемде табиғи апаттар көбейіп барады. Климаттың өзгеруі және қоршаған ортаның ластануымен тиімді күресу үшін аймақтық және жаһандық деңгейде ынтымақтастық қажет. Осы ретте Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүмкіндігі зор. Қазақстан төрағалық аясында бұған ерекше мән берді. 2024 жыл Экология жылы болып белгіленуі әлем елдерінің назарын ортақ проблемаға бұруға ықпал етеді.
Қазақстан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және экологиялық туризмді дамыту жөніндегі ортақ ынтымақтастық бағдарламасын қабылдап жүзеге асыруға мүдделі. ШЫҰ Астана саммиті шеңберінде мүше елдердің үкіметаралық қоршаған ортаны қорғау жөнінде келісім жасау жоспарда. Осы арқылы ұйым климаттың өзгеруі мен экология сияқты жаһандық мәселелерді шешуде белсенді рөл атқарады.