Хабар телеарнасы

Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен декларация

Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен декларация

Бұдан әрі «Қазақ тарапы» деп аталатын Қазақстан Республикасы және «Герман тарапы» деп аталатын Германия Федеративтік Республикасы, бұдан әрі «Тараптар» халықтар арасындағы орныққан байланыстарға, достық қатынастар мен игі дәстүрлерге негізделген 32 жылдық дипломатиялық қарым-қатынасқа сүйеніп, сондай-ақ екіжақты саяси, экономикалық, мәдени, гуманитарлық ынтымақтастықты, климат және экология салаларындағы ықпалдастықты тереңдету қажет деп санай отырып, төмендегілер жөнінде уағдаласты:

 

Саяси диалог

1. Тараптар жоғары деңгейдегі сапарлардың нәтижелеріне ризашылық білдіреді және белсенді саяси диалогты қолдауға, жоғары және аса жоғары саяси деңгейдегі, соның ішінде түрлі халықаралық әрі аймақтық іс-шаралар аясындағы байланыстарды тұрақты түрде жалғастыруға ниетті.

2. Тараптар халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастыққа ризашылық білдірді және Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) және басқа да халықаралық ұйымдар аясында бір-бірінің бастамалары мен кандидатураларын  қолдау үшін мүмкіндіктерді пайдалануды жалғастыруға уағдаласты. Тараптар БҰҰ Жарғысының, Хельсинки Қорытынды актісінің және ЕҚЫҰ шеңберінде қабылданған басқа да құжаттардың мақсаттары мен қағидаттарына, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларына бейілділігін растады.

3. Тараптар халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары, демократия, адам құқықтары және заң үстемдігі ортақ құндылықтар ретінде екіжақты қатынастардың негізіне айналғанын атап көрсетеді. Тараптар белсенді азаматтық қоғам, еркін бұқаралық ақпарат құралдары және тәуелсіз сот жүйесі осы құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосатыны туралы ортақ пікір білдірді.

        

Парламенттік дипломатия

4. Тараптар тығыз және конструктивті саяси диалогты дамытуға, әсіресе,  Қазақстан Парламентінің Сенаты мен Мәжілісі, сондай-ақ Германия Бундестагы мен Бундесраты өкілдерінің өзара сапарлары арқылы қолдау көрсетуді жалғастырады.

5. Тараптар бір-біріне тұрақты түрде парламент делегацияларын жіберуге, сондай-ақ халықаралық парламенттік іс-шаралар (ЕКПА, ЕҚЫҰ ПА) аясында консультациялық кездесулер өткізуге ұмтылады.

 

Құқықтық ынтымақтастық

6. Тараптар құқық үстемдігі, заңнамалық рәсімдер мен адам құқықтарын қорғау, сот жүйесі, конституциялық юрисдикция және қылмыстық қудалау салаларында Неміс халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) қатысуымен өзара тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті. Оның аясында семинарлар ұйымдастырылады, сондай-ақ билік органдарының, конституциялық соттардың, сот жүйесінің және сот әкімшілігінің  өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, адвокатура өкілдері мен құқықтанушы ғалымдар бір-біріне сапармен барады.

Сонымен қатар Тараптар адам құқықтары мен құқық үстемдігін қамтамасыз ету салаларындағы халықаралық, аймақтық және екіжақты міндеттемелерді орындау, Еуропа Кеңесінің органдарымен, мекемелерімен және комиссияларымен ынтымақтастық орнату бойынша тәжірибе алмасуға тырысады.

7. Тараптар адам құқықтары, демократия және құқық үстемдігі салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

 

Орталық Азия + Германия

8. Тараптар 2023 жылғы қыркүйекте Берлинде және 2024 жылғы қыркүйекте Астанада өткен «Орталық Азия + Германия» саммиттерінің сәтті ұйымдастырылуын құптайды және Германия мен Орталық Азия арасындағы стратегиялық аймақтық серіктестіктің маңыздылығына назар аударады.

9. Тараптар экономика, энергетика және табиғи ресурстар, өңірлік ынтымақтастық пен тұрақтылық, климат және қоршаған орта, сондай-ақ адамдар арасындағы қатынастар салаларын қамтитын стратегиялық аймақтық серіктестік аясында тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға және оны одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

10. Тараптар климат өзгеруінің жағымсыз салдарын еңсеріп, бейімделу шараларын іске асыру үшін аймақтағы елдердің ықпалдастық тетігін әзірлеуге бағытталған «Жасыл Орталық Азия» бастамасы аясында Германия үкіметімен бірлесе әзірленген Орталық Азияда климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі аймақтық стратегияның қабылдануын құптайды.

 

Қауіпсіздік, терроризмге және заңсыз есірткі саудасына қарсы күрес

11. Тараптар құқық қорғау органдары арасында қауіпсіздік, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға, трансұлттық және ұйымдасқан қылмысқа, адам саудасына, ақша жылыстатуға, заңсыз қару-жарақ және есірткі айналымына қарсы-іс-қимыл бойынша тәжірибе алмасу және практикалық шаралар сипатағындағы ынтымақтастықты нығайтуды, соның ішінде синтетикалық ескірті өндірісі мен таралауына қарсы бірлескен күш-жігер жұмсауды қолдайды.

12. Тараптар Халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) мен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық аясында «Орталық Азияда зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу» атты аймақтық жобаның табысты іске асырылуын құптайды.

13. Тараптар Орталық Азияда  есірткі, психотроптық заттар және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Өңірлік ақпараттық-үйлестіру орталығының Еуропа елдеріне есірткі таралуына қарсы күресте маңызды рөл атқаратынын атап көрсетеді.

 

Экономикалық ынтымақтастық

14. Тараптар экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытуға ниетті. Германияның федералды жерлерінде Қазақстан экономикасы күндерін және басқа да экономикалық іс-шараларды ұйымдастыруды, сондай-ақ Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы, Қазақстан-Германия стратегиялық ынтымақтастығы жөніндегі іскерлік кеңес, Берлин Еуразиялық клубы, Бірлескен жобаларды қаржыландыру және тәуекелдердің алдын алу жөніндегі жұмыс тобы секілді серіктестік форматтарын құптайды.

15. Тараптар тәжірибе алмасу және жұмыс әдістерін одан әрі жетілдіру мақсатында мемлекеттік кәсіпорындарды тиісті корпоративтік басқару жөнінде меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастырады.

16. Тараптар «Partnering in Business with Germany» бағдарламасы аясындағы табысты ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.

17. Тараптар шығармашылық индустриясын экономиканың әлеуетті секторы және мәдени алмасудың негізі ретінде дамытуға, өзара ілгерілетуге арналған ортақ тәсіл әзірлеуді маңызды деп санайды.

18. Тараптар аймақтық сауда бағыттары арқылы трансшекаралық сауданың аясын кеңейту мақсатында Орталық Азия өңіріндегі сауда-саттықтың дамуына ықпал ету үшін ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.

 

Энергетика

19. Тараптар Қазақстан мұнайын Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына тасымалдауды құптайды және Германияның энергия  қауіпсіздігін нығайту үшін тығыз ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін атап көрсетеді.

20. Тараптар Қазақ-герман энергетикалық диалогы аясындағы тәжірибе алмасуды жоғары бағалайды және оны «жасыл» сутегі, өнеркәсіпті декарбонизациялау, ғимараттардың энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздерінің ауқымын кеңейту және оларды энергия желілеріне біріктіру сияқты бағыттарда жалғастыруға ниетті.

21. Тараптар Астанадағы Сутегі дипломатиясы кеңсесі және Неміс энергетикалық агенттігімен (Dena) бірлесіп, «жасыл» сутегі саласында ынтымақтастықты  одан әрі нығайтуға және өнеркәсіптің түрлі салалары мен секторлары үшін «жасыл» сутегін пайдалану мүмкіндіктерін зерттеуге дайын екенін мәлімдеді.

 

Өнеркәсіп

22. Орнықты даму талаптарына сай болуы үшін Қазақ тарапы тау-кен өнеркәсібіндегі халықаралық деңгейде танылған озық стандарттарды, әсіресе, ESG қағидаттарымен байланысты талаптарды зерделеуді және енгізуді жалғастырады.

23. Тараптар шикізат, өнеркәсіп және технологиялар салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ жергілікті жерде өңдеу деңгейіне басымдық бере отырып Қазақстанның табиғи ресурстарын игеру бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.

24. Тараптар геологиялық зерттеулер мен сараптама бағытындағы ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе және ақпарат алмасуды кеңейтуге ниетті.

 

Климат, қоршаған орта және су ресурстарын басқару

25. Тараптар климаттың өзгеруіне қарсы күресуге және климаттық бейтараптыққа қол жеткізу үшін ұлттық стратегиялық нысандарға сәйкес өздеріндегі зиянды шығарындыларды азайту, басқа ірі экономикалардың климаттық мақсаттарын нығайтуға ықпал ету, сондай-ақ зиянды шығарындылар мөлшерін жаһандық тұрғыда нөлдік деңгейге жеткізу процесін жеделдету үшін саясат, халықаралық климаттық қаржыландыру және технологиялар салаларындағы ынтымақтастық арқылы Париж келісімінің жетістіктерін қамтамасыз етуге бейілді. Тараптар Германия үкіметінің «Жасыл Орталық Азия» бастамасының маңызды екеніне назар аударады. Климаттың өзгеруі салдарынан туындайтын проблемалардың трансшекаралық сипатын мойындай отырып, Тараптар  мынадай шараларды жүзеге асыруға ниетті:

25.1 білім беру саласында және еңбек нарығында «жасыл» дағдыларды (әсіресе, су ресурстары және жаңартылатын энергия көздері саласында) нығайту бойынша бірлесіп атқару;

25.2 энергетикалық ауысу, жаңартылатын энергия, қалалардың орнықты дамуы, «жасыл» ұтқырлық, айналым экономикасы, климаттың өзгеру салдарын азайту, агроэкологиялық ауысу, биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды орнықты пайдалану, сондай-ақ энергетика, су және жер арасындағы өзара байланыстың басым салаларындағы нәтижелерді анықтау бойынша жұмыс істеу;

25.3 аймақтың экожүйесін сақтау және Арал теңізінің құрғаған ауданындағы флора мен фаунаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында арнайы (трансшекаралық) табиғи қорық құру мүмкіндіктерін талдау;

25.4 Германия үкіметінің «Жасыл Орталық Азия» бастамасы және «Team Europe» бірлестігінің «Су, энергия және Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі» бастамасы аясында ынтымақтастықты жандандыру үшін трансшекаралық шаралар мен жобаларды жүзеге асыру;

25.5 ормандарды бақылау, орман өрттерінің алдын алу және оларға қарсы күрес салаларында тәжірибе алмасу;

25.6 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Қазақстанда өтетін аймақтық климаттық саммитке қатысу мүмкіндігін қарастыру;

25.7 Германияның бастамасымен құрылған Халықаралық климат клубы аясында бірлескен жұмысты жалғастыру;

25.8 Метан шығарындыларын азайту және метанды бақылау жүйелерін енгізу саласында ынтымақтастық орнату;

25.9 Аралды құтқару халықаралық қорының құрылымын жетілдіру және оның тиімділігін арттыру мақсатында ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыру.

 

Көлік және логистика

26. Тараптар Орта дәліздің (Транскаспий халықаралық көлік бағытының, ТХКБ) маңызы артып келе жатқанын ескере отырып, аталған дәлізді Орталық Азия мен Еуропа арасындағы орнықты әрі тиімді мультимодальды көлік бағдары ретінде дамыту ісінде ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Германияның теміржол және логистика компанияларының көлік, инфрақұрылымдық және консалтингтік жобаларға қатысуын қолдауға ниетті.

27. Тараптар Қазақстан мен Германия арасында энергетикалық ресурстардың қауіпсіздігі мен маңызды шикізат түрлерімен сауданы қамтамасыз ету үшін орнықты және өміршең тасымалдау тізбегінің  маңыздылығын атап көрсетеді.

28. Тараптар Орта дәліз аясындағы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін Еуропа Одағының бастамасы «Жаһандық қақпалар» жобасына компаниялардың қатысуын қолдайды.

29. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытына инвестиция тарту бойынша бірлескен консультациялық және имидждік жұмысты жалғастыруға ниетті. Тараптар Германия компаниялары үшін әділ бәсекелестікке жағдай жасау Транскаспий халықаралық күрежолының дамуына ықпал етеді деп санайды.

30. Тараптар Қазақстандағы әуежайлар мен порттарды дамыту үшін неміс инвестициясын тарту мәселесі бойынша ынтымақтаса жұмыс істеуге уағдаласты.

 

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы

31. Тараптар Шағалалы ауылындағы (Ақмола облысы) Неміс ауыл шаруашылығы орталығы (DAZ) 2011 жылдан 2023 жылға дейінгі қызметі аясында Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға, әсіресе, заманауи және тұрақты өндіріс әдістерін енгізуге өлшеусіз үлес қосты деп есептейді.

32. Германияның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы федералдық министрлігінің (BMEL) екіжақты ынтымақтастық бағдарламасы аясында жүзеге асырып жатқан «Аграрлық саяси диалог» және «Қазақстандағы сүт өндірісінің тұрақты дамуы үшін фермер қожалықтарының (сүт сараптамасына қолдау көрсету)»  біліктілігін арттыру» жобаларының қызметі оң бағаланады.

 

Инновациялар, жаңа технологиялар және цифрландыру

33. Тараптар цифрландыру саласындағы, соның ішінде электрондық үкімет және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.  Мұндай ынтымақтастық бір-бірін салалық конференцияларға, көрмелер және басқа да мамандандырылған іс- шараларға шақыру арқылы жүзеге асады.  

34. Тараптар цифрлық технологиялар саласындағы бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыру үшін Немістің «Bitkom e.V.» қауымдастығы мен қазақстандық IT-компаниялар арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуын құптайды.

35. Германия тарапы 2022 жылғы қарашада іске қосылған «Орталық Азиядағы цифрлық байланыс жөніндегі Еуропа командасының цифрлық бастамасы (TEI)» аясында Қазақстанмен ынтымақтастықты  нығайтуға дайын екенін растайды.

 

Қаржы

36. Тараптар қазақ және неміс компаниялары үшін негіздемелік шарттарды, инвестициялық климатты жақсарту жолдарын талқылау үшін сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық жұмыс тобы аясында тұрақты келіссөздер жүргізуге уағдаласты.

 

Денсаулық сақтау

37. Тараптар денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты, соның ішінде медициналық білім беру және ғылыми ұйымдар арасындағы байланысты күшейтуге қызығушылық білдіреді.

 

Ғылым және білім беру

38. Тараптар екі елдің ғылыми қоғамдастықтары арасындағы нақты байланысты жандандыру мақсатында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Бұл бірлескен зерттеу жобаларын жүргізу, ақпарат және тәжірибе алмасу, сондай-ақ ғылыми қоғамдастық арасынан екіжақты ынтымақтастық үшін жаңа серіктестерді тарту арқылы жүзеге асуы мүмкін.

39. Тараптар Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы сияқты ғылыми зерттеу мекемелері және Германияның Гельмгольц ассоциациясы, Макс Планк қоғамы, Лейбниц ассоциациясы, Неміс ғылыми қоры және басқа да зерттеушілік және делдалдық ұйымдар арасындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдіреді.

40. Тараптар Қазақстанда неміс тілі мен славистика пәндері бойынша университет оқытушыларымен өзара алмасу арқылы (Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқытушылары Германияда «Неміс тілі мен германистика» пәні бойынша дайындықтан өтіп, Германияның жоғары оқу орындарының оқытушылары Қазақстанда «Орыс тілі мен әдебиеті» пәні бойынша сабақ береді) неміс тілін тарату мүмкіндігін зерделеуге дайын.

41. Тараптар студенттер, ғалымдар және сарапшылар арасындағы белсенді байланыстарды қолдайды. Жоғары білім беру жүйелерін интернационализациялау, инновациялық және зерттеу ландшафттарын жақындату және дуальды кәсіби оқыту құрылымдарын нығайту бағытында күш-жігерді жұмсауға уағдаласты.

42. Тараптар Қазақстанның білім беру ұйымдарында неміс тілін оқыту ісін дамытатын, соның ішінде Астанада Қазақ-неміс мектебін ашу жұмыстарын жалғастыратын болады.

43. Тараптар Қазақстан мен Германия университеттері арасындағы әріптестік қатынастарын кеңейтуге қызығушылық білдіреді.

44. Тараптар Берлин техникалық университетінің (TUBerlin) Ақтау қаласындағы Есенов атындағы технология және инженерия университетіндегі филиалын ашу ниетін құптайды.

45. Тараптар Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) мен Қазақ-неміс университетінің (ҚНУ) арасындағы Қазақстан-Германия ғылым және технологиялар институтын құру жоспарын қолдайды.

46. Тараптар ғылыми зерттеулер саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Қазақстан-Германия орталығын құруды құптайды.

47. Тараптар Қазақ-неміс университетін одан әрі дамыту туралы жаңа үкіметаралық келісім жасауға қатысты келіссөздерді барынша тезірек бастауға уағдаласты.

48. Тараптар Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты мен Германияның Археология институты арасындағы ынтымақтастықты құптайды.

49. Тараптар Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты мен Германиядағы Прус мәдени мұра қоры арасындағы өзара ықпалдастықты, бірлескен қазба жұмыстарын жүргізу мен деректер алмасу бастамаларын қолдауға келіседі.

50. Тараптар Алматы қаласында орналасқан CASIB (Central Asia Sustainable Innovation Bureau) өңірлік жобалық кеңсесінің зерттеулерді біріктіруге және нәтижелермен алмасуға бағытталған жұмысына қолдау білдіреді, бұл

 

Мәдениет

51. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының мәдени ынтымақтастығы жөніндегі аралас комиссия ұсынған мүмкіндіктерді пайдалануға келіседі.

52. Неміс этносының мүдделеріне қатысты мәселеде Тараптар Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер жөніндегі үкіметаралық комиссия отырыстарының форматы екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға және Қазақстандағы немістердің мәдени ерекшелігін сақтауына үлес қосатынымен келіседі. Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер жөніндегі үкіметаралық комиссия отырыстарын ұйымдастыру тәжірибесі жалғасын табады.

53. Тараптар мәдениеттің екі ел арасындағы қатынастарды қолдауға елеулі үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ Тараптар екі елде бірлескен мәдени шараларды қолдауға ниетті.

54. Тараптар діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогтың маңызды екеніне назар аударады.

55. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы мәдени ынтымақтастық жөніндегі келісімді жүзеге асыру аясында мәдениет, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары мен БАҚ еркіндігі, жастар кездесулері және азаматтық қоғам бағыттарындағы ынтымақтастықты қолдайды.

 

Виза

56. Герман тарапы Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер, соның ішінде Германияның азаматтары үшін Қазақстан Республикасында 30 күнге дейінгі мерзімде визасыз режим енгізу туралы Қазақстан тарапының шешімін құптайды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында Қазақстан азаматтарының сапарларын жеңілдету туралы келісім жасау үшін келіссөздерді бастауға Еуропалық Комиссия мандатына қолдау білдіреді.

57. Тараптар 2025 жылы Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының ішкі істер министрліктерінің өкілдерінен құралған жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп, Реадмиссия туралы келісімнің іске асырылуына байланысты ағымдағы мәселелерді талқылауды жоспарлап отыр.

58. Тараптар ЕО деңгейінде талқыланатын Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселесі адамдар арасындағы байланыстарды, өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға  ықпал ететініне келіседі.

59. Тараптар Гёте Институтының Қазақстанда тұратын этникалық немістердің ұйымдарына неміс тілін оқытуға қолдау көрсету үшін жіберілген тіл ассистенттеріне визаның жылдам әрі шектеусіз мерзімге беру Қазақстандағы этникалық немістердің тілдік мұрасын сақтау үшін жасалған маңызды қадам деп санайды.

 

Техникалық ынтымақтастық негіздері

60. Тараптар 1997 жылғы 26 қарашада қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы техникалық ынтымақтастық туралы келісімді күшінде қалдыруға және жақын арада аталған құжаттың 7-бабының 2-тармағына сәйкес Келісімнің автоматты түрде жыл сайын ұзартылуын жалғастыру жөнінде ноталармен алмасу жөнінде уағдаласады.

 

Қорытынды ережелер

61. Аталған Декларация болашақ ынтымақтастық үшін нұсқаулық болып саналады. Халықаралық құқықтарға сәйкес шарт болып есептелмейді және халықаралық құқықтар бойынша ешқандай құқықтар мен міндеттемелер үстемейді. Екі Тараптың өзара жазбаша келісімі арқылы кез келген уақытта өзгертілуі мүмкін.

62. Осы екіжақты қорытынды декларацияда көзделген ынтымақтастықтың барлық шаралары мен жобалардың іске асырылуы оларды қаржыландыруға байланысты.

63. Тараптар кез келген уақытта бір-біріне ескерткеннен кейін ынтымақтастықты тоқтата алады. Бұл ретте екінші тарап алты ай бұрын мүмкіндігінше жазбаша түрде хабардар болуға тиіс.