Хабар телеарнасы

Олжас Бектенов пен Михаил Мишустин сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Астанада Премьер-министр Олжас Бектенов пен Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Екі елдің өзара сауда көлемі былтыр 24 млрд доллардан асқан. Ендігі мақсат - 30 млрд долларға дейін жеткізу. Қазір бізде Ресей тарапының қатысуымен 23 мың компания жұмыс істейді. Жиында Қазақстанда жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы қаралды. Соңғы уақытта транзиттік тасымалдау жоғары қарқынмен дамуда. Осыған байланысты автокөлік және теміржол инфрақұрылымын жетілдіру қажет. Сондай-ақ су көлігі саласында жаңа баламалы бағыттар ашуға көңіл бөлінді. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты ынтымақтастығымыз сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Маңызды міндет – қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Қазақстан Үкіметі тығыз өзара іс-қимыл жасауға және барлық салада ынтымақтастықты дамытуға дайын.

Михаил Мишустин, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы:

-Біздің қарым-қатынасымыз достық, тату, көршілік, өзара сыйластық және бір-бірінің мүдделерін ескеру қағидаттарына негізделген. Қазақстанда өндірістік, энергетикалық жобалар табысты іске асырылуда. Көлік-логистика саласыда дамуда. Біз «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің дамуына ерекше көңіл бөлудеміз. Болашақта Қазақстан оның негізгі орталығы болатынына сенеміз. 

Қазақстан мен Ресей әсіресе ауыл шаруашылығы бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Былтыр бұл саладағы сауда айналымы 5% өсіп, 3 млрд доллардан асқан. Енді Қазақстан Ресей арқылы Еуропаға бидай мен басқа да өнімдерді жеткізуді жоспарлап отыр. Мәселен, бізге Италия нарығы тиімді. Ал Ресейдің өзіне ет экспорты қайта жанданатын болды. Бұған дейін кей облыстар үшін шектеу салынған еді. Бірлескен жобаларды іске асыру мәселесі де пысықталды. Біздің ел үшін маңызды бағыттың бірі - астық пен майлы дақылдардың жаңа тұқымын шығару. Екі елдің ғалымдары осы бағытта бірлесе жұмыс істейді. 

Азат Сұлтанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Қазақстан аумағында бірлесіп селекция жасайды. Осы біздің аумақта өндіріп Қазақстандық диқаншыларға да ол үлкен көмек болады. Малға арналған жемге де бізде жоспар бар.

Марат Қарабаев, ҚР көлік министрі:

- Тағы бір жобамыз бар, Бақты-Аягөз арнайы теміржолы. ол арнайы транзиттік жүктерге бағытталған және соның құрылысын біз бастап отырмыз. Ол жақта бірнеше инвесторлар қатысумен бірлесіп жасап жатырмыз, сол жобаны ары қарай бірге жүргізу, қаржыландыру мәселесін баршасымен бірге талқылап отырмыз.