Еуроодақ Ресейге қарсы санкцияның 16-пакетін әзірлеп жатыр
Еуропалық Одақ Ресейге қарсы санкцияның 16-шы пакетін әзірлеп жатыр. Осы ретте Кәрі Құрлық аумағында өндірілетін жоғары технологияны Ресейге астыртын экспорттайтын компаниялардың қара тізімі толығуы мүмкін. Бұл туралы Астанаға кезекті сапарымен келген Еуроодақтың санкциялар жөнінен арнаулы өкілі айтты. Дэвид О’Cалливан Қазақстан үкіметімен бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Сонымен бірге Еуропаның санкцияларын қолданбауға қатысты еліміздің ұстанымына, экономикалық одақтаспен емін-еркін сауда-саттық жүргізу құқығына құрметпен қарайтынын жеткізді. Бұған дейін санкцияны айналып өту мақсатында әскери мақсатта қолданылатын еуропалық тауарды Ресейге қайта экспорттаған екі қазақстандық компания қара тізімге енген еді.
Дэвид О’Cалливан, Еуроодақтың санкциялар жөніндегі арнаулы өкілі:
-Бұл Қазақстанға ғана қатысты жағдай емес. Украинада қақтығыстар басталғаннан кейін әлемнің бірқатар елінде санкцияны айналып өту мақсатында Ресейдің түрлі саладағы жалған компаниялары ашылғаны белгілі. Біз осындай компанияларды анықтадық. Олардың көбі бұрыннан белгілі, ұзақ жылдардан бері саудамен айналысып жүрген компаниялар емес. Бұның өзі санкцияны айналып өту мақсатында істелінгені айдан анық. Алайда нақты дәлел үшін мұның өзі аздық етуі мүмкін. Сондықтан бұндай жағдайларды жіті тексеруіміз керек. Әлбетте, осындай мәселелерді шешу үшін жаһан үкіметтермен бірлесе жұмыс істеуді қалаймыз.