Параволейболдан Азия чемпионы атанған спортшылар елге оралды. Спорт жаңалықтары

  • 63
  • 16.06.2025, 18:59

Жеңімпаздарды Алматы әуежайынан жанкүйерлер мен туған-туыстары құшақ жая қарсы алды. Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет сары құрлықтан алтын алып отыр. Жарыс Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп, оған құрлықтың ең сегіз командасы қатысқан. Топта үздік шыққан жерлестеріміз жартылай финалда Тайланд құрамасынан басым түссе, финалда алаң иелерімен кездесті. Бауыржан Тахауовтың шәкірттері ауызбіршіліктің арқасында қытайға қарсы камбэк жасап, жеңісті жұлып алды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама сапындағы Ерік Қасқабаев «Үздік доп беруші», Шыңғыс Медеуов «Үздік либеро», ал Алмат Оспанов «Үздік тосқауыл қоюшы» аталымдары бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды.

Бауыржан Сартаев, параволейболдан Қазақстан құрамасының капитаны: 

-Өте тартысты өтті. Басында екі партия ұтылып, соңында 3:2 есебімен ұтып алдық. Азия чемпионы алғаш рет болып жатырмыз. Оны сезіну өте керемет. Осы жылдың аяғында Әлем кубогы бар Америкада өтетін. Енді соған дайындаламыз бұйыртса.

Әскерилер қоян-қолтық ұрыста бақ сынады

Алматыдағы армияшылардың спорт кешенінде қоян-қолтық ұрыстан ҚР Қарулы күштерінің ел чемпионаты өтті. Ашық біріншілік болғандықтан бұл сынға ҚР Төтенше жағдай министрлігінің және шекара қызметінің сарбаздары да қатысқан болатын. Бір аптаға созылған сында 20 команда 184 спортшы бірнеше салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, жүлделі орындарды өзара бөлісті. Жалпы командалық есепте ҚР ҚК арнайы операциялық күштері бірінші орыннан көрінсе, Десанттық шабуылдаушы әскерлері екінші орынға табан тіреді. Ал үштікті «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы түйіндеді. Ел біріншілігінің жеңімпаздары енді тамыздың 4-і мен 10-ы аралығында Мәскеуде өтетін ТМД елдерінің әскерилер ойындарында ел намысын қорғайды.
  
Бокстан Әлем кубогына қатысушылардың алды Астанаға келді 

Нақтырақ айтсақ, бүгін елорда әуежайына Канада құрамасының өкілдері келіп қонды. Үйеңкі жапырақты елдің былғары қолғап шеберлері ертерек келіп біздің боксшылармен бірге шеберлік шыңдауды жоспарлаған екен. Енді өзге елдің боксшылары да Астанаға келе бастайды. Әлем Кубогына барлығы 32 елдің боксшылары қатысады деп күтілуде. Байрақты бәсеке 30 маусымда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады. Жарыс елорда төріндегі жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Келем деушілерге есік ашық. Айта кетейік, еліміз алғаш рет World Boxing ұйымының дүниежүзілік додасын қабылдағалы отыр.