Биылғы жылдың жазына жоспарланған Токиодағы Олимпиада ойындары өте ме?
Ал қазақстандық спортшылар осы олимпиадаға 17 спорт түрінен 42 лицензия алып қойды. Жауапты министрлік мұны 100-ге жеткіземіз деп отыр. Байрақты бәсекеге әлі 6 ай бар, сондықтан біз бүгін допинг дауына іліккен отандық спортшылар жайында айтпақпыз.
Жақында ғана осындай дауға қазақстандық ауыр атлетші, Рио олимпиадасының чемпионы Нижат Рахимовтың іліккені хабарланды. Спортшының өзі не дейді? Жалпы биыл допинг дауына іліккен 23 қазақстандық кім?
2016 жыл – Рио Олимпиадасы. Қоссайыс қорытындысы бойынша – 379 келі. Ниджат Рахимовқа Рионың алтыны осылай келген еді. Қазақстанның қоржынына алтын салғанда сол кездегі бас бапкер Алексей Нидан бастап қуанбаған қазақстандық қалмаған. 4 жылдан аса уақыт өткенде ауыр атлетшіге ауыр айып тағылады деп ешкім де ойлаған жоқ, әрине. Ниджат Рахимовқа 2016 жылы зәр талдауын алмастырды деген айып тағылып отыр. Зілтемірші уақытша спорттан шеттетілді. Рахимов бізге қандай да бір түсінік беруден бас тартты, есесіне әлеуметтік желіде былай деп жазба қалдырған.
«Маған қандай да бір тыйым салынған затты қабылдағаным үшін айып тағып отырған жоқ. Кез келген кәсіби спортшы ретінде маусым бойы мен бірнеше рет допинг сынамасын өткіземін. Кіші дәретіме ары қарай не болатынын мен білмеймін. Одан арғы шаруа – бізді тексеретін тестілеуші органдардың жауапкершілігінде. Достар, мен қолқусырып, бөтен адамның айыбын мойныма алғалы отырған жоқпын. Жеңіске жеткен күні мыңдаған қазақстандықтың қуанғаны мені шабыттандырды. Менің сенімді достарым ретінде бүгін де мен сондай қолдауға ие боларыма күмәнім жоқ. Мен адал спортты қолдаймын. Әзірге Халықаралық тест агенттігіне түсінік беруім керек».
Илья Ильин, Алмас Өтешов, Жасұлан Қыдырбаев, Светлана Подобедова, Анна Нұрмұхамедова... Допинг дауына іліккен қазақстандық ауыр атлетшілердің тізімін осылай жалғай беруге болады. Спорт шолушысы Ермұхаммед Мәуленнің ойынша, бұл – бапкерлер мен дәрігерлердің жіберген қателігі.
Ермұхамед Мәулен, спорт шолушысы:
– Бұл таңқалатын нәрсе емес. Әлі де талай мұндай допинг дауына іліккен медалистеріміз шығып қалуы бек мүмкін. Олимпиаданың кезінде ауыр атлетикасында істеген бапкерлердің сонымен қатар, дәрігерлер штабы дейміз солардың жіберген олқылықтары, қателіктері.
Ауыр атлетшілерге мұндай айыптың неге жиі тағылатыны түсінікті де. Себебі тәулігіне бірнеше тоннаны көтере беруге адам организмі де төзе бермейді. Олар допинг қолданады, бірақ рұқсат етілгені мен етілмегені бар. Біздің спорт мұндай даудан неге арылмайтынын Амангелді Сейітхан біздегі спорт медицинасының әлсіздігінен көреді.
Амангелді Сейітхан, спорт шолушысы:
– Қазақстанда биохимия саласы онша дамыған жоқ. Сосын спорттық медицина керемет дамыған жоқ. Оның үстіне сол тыйым салынған дәрмекті қадағалайтын органдардың жұмысы әлсіз.
Атынан ар үркитіні бар, басқасы бар, санап шықсақ соңғы 6 жылда 100-ден астам отандық спортшылардың сынамасынан тыйым салынған дәрілер табылған.
Айгүл Бектенова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басқарма басшысы:
– 2012 жылы бізде Ұлттық допинге қарсы орталық ашылған болатын, сол кезден бастап қарайтын болсақ, допингке қарсы ережелерді бұзу 334 жайт орын алған. Олардың ішінде 245-і олимпиадалық спорт түрлерінен, 70-сі олимпиадалық емес спорт түрлерінен, 10-ы Паралимпиадалық спорт түрлерінен және 9-ы ұлттық спорт түрінен.
Ал өткен жылы допинг дауына 23 қазақстандық спортшы ілікті. Соның ішінде ең үлкен резонанс тудырғаны – футболдан Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламханмен болған жайт. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Әл-Айн» клубында өнер көрсетіп жүрген Бауыржанның сынамасынан тыйым салынған препараттар табылған. Ол енді екі жыл ешқандай алаңда ойнай алмайды. Қазақстандық спорт шолушылары мұның артында басқа кілтипанның тұрғанын айтады.
Ермұхамед Мәулен, спорт шолушысы:
– Бауыржан Исламханды өздеріңіз білесіздер, өте аз жалақы алған жоқ, келісімшарт жоғары болды. Сол келісімшартты Араб Футбол клубы үзгісі келген. Бірақ оны үзу үшін екіжақты үзу мүмкін емес, сондықтан екіжақты келісімге келмегендіктен тараптар, агенттіктер мен футбол клубының басшылары осындай қитұрқы әрекеттерге барған.
WADA ұйымы тыйым салған дәрілердің санын жыл сайын арттырып келеді. Чемпион болғың келе ме, тісің де, ішің де ауырмауы тиіс. Ал күллі адамзат коронавируспен күресіп жатқанда бұл тіпті өзекті бола түседі. Сосын үлкен спорт – үлкен саясат. Допинг дауында да дипломатия артық етпейді.
Амангелді Сейітхан, спорт шолушысы:
– Не болмаса тілін таба алмай қаламыз ба солардың? Ондай да бар спортта тіл табысу деген. Қай мағынада қабылдасаңыз да өзіңіз білесіз, тіл табыса алмай қалатын шығармыз. Әйтпесе жаңа айттық қой, сол Қытайдың спортшысы не болмаса Американың спортшысы олар судан таза, сүттен ақ па сондай болып кетеді. Сондықтан бұл жерде үлкен кілтипан бар.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
– Айтпақшы, енді Олимпиада қатысушылары үшін жаңа заң жұмыс істейді. Енді тыйым салынған препараттарды қолданғандар спорттан ұзаққа шеттетіледі, ақшалай сыйақыны мемлекетке қайтарады, жаттықтыруға бөлінетін ақшадан, спорттық атақтардан айырылып, құраманың және штаттық команданың құрамынан шығарылатын болады. Мұндай талапқа кімдер төзеді? Токио көрсетеді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Нұрлан Малгельдинов, Айбын Құсанбеков