ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарының жалауы көтерілді
Биылғы жарысқа 200-ден астам елден келген 20 мыңға жуық спортшы қатысады. Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл жолы дүбірлі додаға жаңадан бес спорт түрі енді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг.
Қазақстандықтар Токио Олимпиадасына 97 жолдама алған болатын. Айталық, 24 шілдеде велошабандоздар жарыс жолына шығады. Қашықтыққа жүзу, су добы мен бокс та дәл осы күні бастау алады. 25-інде ескек есушілеріміз бағын сынаса, тамыздың бірінде боз кілемге еркін күрес шеберлері шығады.
Мұнда келгендер міндетті түрде карантинде отырады. Спортшылар сыртқа шыға алмайды, тамақтану орындары шыны бекеттермен қоршалған. Олар күнде ПТР-тест тапсырып, денсаулығындағы өзгерістерді арнайы қосымшаға енгізіп отырады. Олимпиада ойындары 8 тамызда мәресіне жетуі тиіс. 750 доданың 26-сына ғана көрермен кіргізіледі. Қалған жарыстар барысында трибуналар бос болады.
Күллі әлем көз тігіп отырған дүбірлі дода барысын еліміздің басты арнасы «Хабар» тікелей эфирден көрсетеді. Көрсетілім кестесі арнамыздың әлеуметтік желілерінде жарияланады.