77 жастағы қазақстандық желаяқ қария Нью-Йоркте өткен марафонда 42 шақырымды бағындырған
Әр елдің түпкірінен 33 мыңға жуық адам қатысқан айтулы додада ол Қазақстанның атынан барған жалғыз қатысушы болыпты. Үлкен мегаполисте желаяқ қария 42 шақырымды бағындырған.
Елорданың қаһарлы қысы мен суық желіне қарамастан, Салтанат Түйтебаев әдеттегідей жүгіруге шықты. Биыл ақсақалдың кәсіби жүгірумен айналысып келе жатқанына 7 жыл толыпты. Содан бері ол 22 халықаралық марафонға қатысып, жүлделі орындар алған. «Жеңіске жету үшін табандылықтан бөлек, ұдайы дайындық қажет», – дейді қария.
Салтанат Түйтебаев, марафоншы:
- Аптасына 5 рет осындай уақытта 21 шақырымнан жүгіремін. Ал енді көктем шыққаннан кейін аптасына 5 рет 25 шақырымнан жүгіремін. Дайындық болмағанда мен жылына 1-2 рет шетелге шығып, жарыстарға қатысамын.
Бұған дейін Австралия, Жаңа Зеландия, Сингапур, Қатар, Испания, Франция сияқты елдерде жүгірген желаяқ үшін Нью-Йорктегі марафонның орны бөлек болды. Айтулы додаға қатыспас бұрын ол Амстердамда арнайы біліктілік нормативін орнатып, шақырту алыпты. «Кейін Нью-Йоркке ұшып келгенде уақыт белдеуінің ауысуынан қиналдым», – дейді ол.
Салтанат Түйтебаев, марафоншы:
- Айырмашылығы 11 сағат. Ертеңіне жарысқа қатысу керек, ал мен ұйықтай алмай, 1 сағат қана көз ілдім. Ол кезде елордада күн. Күндіз қалай ұйықтайсың?
Салтанат ата бұл жарыста 75 жастан асқан 40 марафоншының арасынан оқ бойы озып, 2-ші орын иеленді. Бес аудан, бес көпірді артта қалдырған желаяқ, бүгінде келесі белесті бағындыруға дайындалып жатыр.
Салтанат Түйтебаев, марафоншы:
- Келесі жылы ардагерлердің Олимпиадасы болады. Жаңа Зеландияда өткен Олимпиадаға мен қатысқан болатынмын. Одан мен алтын ұттым. Мен дайындықты бастап кеттім.
77 жасар қарияның мақсат-мұраттары бұнымен қош емес. Жеңіл атлетика федерациясының қолдауымен марафоншыларымыздың қатары өсіп келеді. «Ендігіде осындай марафондарда жерлестеріміздің жеңісі туралы жиі естісем екен», – дейді ол.
Авторлары: Дана Әлиева, Мұхаметәли Тилдабаев