Хабар телеарнасы

Таразда көптен күткен «Өнер барысы 2021» арнайы жобасы өтті

Оған елімізге танымал өнер адамдары мен ғаламтор жұлдыздары қатысты. Мега жобаны «Хабар» Агенттігі биыл да қалың көрерменге ұсынып, тікелей эфирде көрсетті.

«Өнер барысы» 2019 жылдан бері осымен 3-ші мәрте өтіп отыр. Мега жоба аз уақыт ішінде көрерменнің зор ықыласына бөленіп, тіпті ҚР «Қазақ күресі» федерациясының күнтізбесіне енгізілген. Биылғы шара Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында ұйымдастырылды.

Жарыста 28 өнер адамы боз кілемге шығып, өзара мықтыны анықтады. Олардың арасында айтыскер ақын, белгілі әзілкештер, әншілер мен өзге де танымал тұлғалар бар. Биылғы ережеге сәйкес қатысушылар 4 салмақ, яғни жеңіл, орта, ауыр және аса ауыр салмақ бойынша бақ сынап, федерацияның кәсіби төрешілері төрелік етті. Бес сағатқа созылған жарыста жеңіл салмақта актер Асылхан Төлепов жеңімпаз атанды.

Асылхан Төлепов, «Өнер барысының» жеңімпазы:

- Бүгін үш дүркін чемпион атанып, жеңіске жетіп жатырмыз. Шүкір. Бұл – ұстаздарымның арқасы, сол кісілердің еңбегі. Өзім де осы жарысқа бір айдай уақыт жұмсап, жүйе бойынша дайындалдым. Бұл жеңісімді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаймын.

Жұлдыздар айқасын тамашалуға келген халық санында есеп жоқ. Спорт кешені лық толды. «Өнер барысы» жобасын «Хабар» Агенттігі телекөрермен назарына ұсынып, жарысты тікелей эфирде көрсетті.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- «Хабар» Агенттігі осымен қатарынан үшінші жыл «Өнер барысы» ұлттық жобасын қолдап келе жатыр. Неге «ұлттық» деген сөзге басымдық беріп тұрмын. Өйткені бұл жобаның мақсаты тек өнер, мәдениет, медиа, ғаламтор жұлдыздарын ғана жарыстырып, шаршы алаңға шығару емес. Сондай-ақ осы жоба арқылы біздің руханиятымызда, дәстүрімізде үлкен орны бар қазақ күресін кеңінен насихаттау.

Мейіржан Әлібек, жобаны ұйымдастырушы:

- Жоба «танымал емес» адамды танытумен айналыспайды. Біздің жоба танымал адам арқылы қазақ күресін дамытады. Биылғы ерекшелігі  – санында. Яғни біз 20 қатысушыдан асырмаушы едік. Бұл жолы 28 қатысушыны шақырдық. Оның ішінде 50% – бұрын қатыспаған жаңа қатысушылар.

Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырылған «Өнер барысы» жоғары деңгейде өтті. Жүлде қоры 16 миллион теңге. Өз салмағында жеңімпаз болған чемпиондардың әрқасысы 1 млн 200 мың теңгеден иеленді. Шараға қатысып, жеңіліп қалған қатысушылар да құр алақан қайтқан жоқ. Оларға 250 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә