Бейжің Олимпиадасының басталуына санаулы күндер қалды
Делегация мүшелерімен бірге Олимпиада ойындарын кеңінен насихаттауға біздің «Хабар» Агенттігінің тілшілері де барды.
Тойдың болғанынан боладысы қызық демекші, Бейжіңде дәл қазіргі уақытта қарбалас. Бірақ бекерден-бекер жүрген ешкім жоқ. Әркім өз шаруасымен әлек. Барлық жерде темірдей тәртіп. Бетпердесіз жүруге болмайды. Әуежайдан бастап кез келген жерде қатаң тексеріс. Әлемнің әр бұрышынан келген БАҚ өкілдерінің бас қосатын жері – Медиа орталық. Құжаттарымызды рәсімдеп алған соң, бірден Олимпиадалық қалашыққа тарттық.
Бейжің сапарының екінші күні шаңғы жарыстары өтетін Чжанцякоу қаласына бардық. Таулы аймағының табиғаты таңдай қағарлықтай емес. Ауа райы құрғақ. Қар жоқ демесеңіз, қара суық өңменіңнен өтіп кетеді, жарыс жолдарына жасанды қар төселген. Бұл спортшыларға қатты бір кедергісін туғыза қоймайды. Өйткені жасанды қарда жарыстар жиі өтіп тұрады. Қытай барлық салада қарыштап дамыған ел ғой. Дайындығы өте жоғары деңгейде. Тау астын тесіп отырып жасаған тақтайдай тегіс жолдар, заманауи үлгіде салынған қонақ үйлер мен спорттық кешендер Чжанцякоудың ажарын аша түскендей.
Бейжің Ойындарының бағдарламасына спорт түрлерінің жаңа жеті дициплинасы қосылды. Олардың барлығы дерлік – командалық аралас эстафеталар. Гендерлік теңдікті сақтау мақсатында Олимпиада коммитеті осындай қадамға барды. Қазақстан құрамасы спорттың 8 түрінен сынға түседі. Ел намысын 34 спортшы қорғайды. Қыз-жігіттерімізге сәттілік серік болсын дейміз!
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Дәурен Жұрқабаев