Хабар телеарнасы

Әмір Маймұратов құзға өрмелеуден Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алды

Спорттық құзға өрмелеуден қазақстандық спорт шебері Әмір Маймұратов Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алды. Отандасымыз осыдан екі күн бұрын Венгрия астанасында өткен іріктеу сериясының   финалында  екінші орын иеленді. Қазақстандық құзға өрмелеушілер командасы бүгін таңға жуық Алматыға келді. Оларды федерация өкілдері, жас спортшылар, дос-жарандары күтіп алды. Бұл іріктеу турнирі жас қазақстандық спортшы Әмір Маймұратов үшін сәтті өтті. Кәсіби шеберлікті анықтайтын раундтың бірінде  ол 4,95 секунд нәтижесімен бірінші орын алып, 1/8 финалға жолдама алды. Содан соң финалға жетті. Онда тек  Қытайдан келген қарсыласынан жеңіліп, күміс медаль алды. Екі серияның қорытындысы бойынша Әмір 75 ұпай жинап, жалпы есепте 3-ші орынға шығып, олимпиадалық лицензияны қоржынға салды. 

Әмір Маймұратов,  спорт шебері

- Қарсыластарым өте мықты болды. Бәрінің дайындығы жоғары. Өзімнің тынбай жаттыққанымның нәтижесін көрдім. Олимпиадада ел үмітін ақтаймын деп сенім білдірем. Енді жаттығуға қайта кірісем.