Дзюдошы Нұрқанат Серікбаев әлем чемпионы атанды. Спорт жаңалықтары
«Барыс» хоккей клубына жаңа басшы тағайындалды. Енді елорда командасына Нұрлан Оразбаев жетекшілік етеді.
Маусымды сәтсіз бастаған астаналықтар құрлықтық хоккей лигасында тағы ұтылды. Бұл жолы «Салауат Юлаевқа» есе жіберді. «Барыс аренадағы» кездесу 3:2 есебімен «Башқұртстан» командасының пайдасына аяқталды.
Нұрқанат Серікбаев әлем чемпионы атанды. Қазақстандық дзюдошы әскерилер арасындағы дүниежүзілік додада топ жарды. Жауынгер спортшылар бәсекесі Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатыр. 29 елден 200-ден аса қатысушы жиналған татами сайысына Қазақстаннан 16 балуан барды. Ең жеңіл салмақтағы Нұрқанат Серікбаев барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, әлем чемпионы атанды.
Финалда ол тағы бір қазақстандық Шерзод Давлатовтан айласын асырды. 66 келіде Жанарыс Рақметқали мен 73 келідегі Бақытжан Әбдірахманов қола медаль еншіледі.
Нұрқанат Серікбаев, дзюдодан әскерилер арасында әлем чемпионы:
- Жеңістің дәмін әлі сезе алмай тұрмын. Мықты балуандармен шықты. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері моңғол және кәріс балуанымен шықтым. Сосын италиялық балуан болды. Финалда қазақ бауырыммен шықтым. Екеуміздің сыйластығымыз зор.
Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы:
- Тағы да 3 күн өтеді. Оның ішінде ауыр салмақтың балуандары бар. Сосын командалық жарыстар болады. Тағы медальдар күтеміз.
Балуандар халықаралық оқу-жаттығуға жиналды
Алматыдағы армияшылардың орталық спорт клубында еркін және грек-рим күресі бойынша алғашқы халықаралық жаттығу басталды. Бір аптаға созылатын жиынға Армения, Иран және Қазақстан спортшылары келді.
Алғашқы күні Дәулет Ниязбеков, Нұрғожа Қайпанов, Ғалымжан Өсербаев, Айдос Сұлтанғали сынды белді балуандарымыз бозкілемде күрестің әдіс-айлаларын көрсетті. Бұл спортшылар әлемдік жарыстарға «Армияшылар» спорт клубы атынан сынға түсіп жүр. Енді сол балуандардың кейбірі қараша айының соңында Арменияда өтетін әскерилер арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
Қанат Базылхан