Хабар телеарнасы

Боччадан Қазақстан кубогы мәресіне жетті

Боччадан Қазақстан кубогы мәресіне жетті. Үш күнге жалғасқан сайысқа елдің 14 өңірінен 86 параспортшы қатысты. Ересектер мен жасөспірімдер арасындағы төрт дәреже бойынша жеңімпаздарға 40-қа жуық медаль табысталды. Оның ішінде алтын, күміс және қола бар. Сондай-ақ параспортшылар арнайы кубок әрі алғысхатпен марапатталды. Салтанатты іс-шараға Сенат төрағасы әрі Қазақстан Бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев қатысты.. Ол өз сөзінде, бұл спорт түрінің маңызына тоқталды. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Қазақстан Бочча федерациясының президенті:

-Биылдың өзінде бочча үйірмесіне қатысушылар қатары 20% көбейген. Бүгінде боччаны дамыту үшін барлық бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл Мемлекет басшысының айтқан «инклюзивті Қазақстанның құрылуы» жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Яғни еліміздің кез келген азаматы өзінің проблемасымен бетпе-бет қалмауы тиіс. Олар қоғам тарапынан барлық қолдауды сезінуі қажет.