«Ақжайық» ФК қаржыдан неге қағылды?
«Ақжайық» футбол клубына қатысты жағдай алаңдатарлық күйге түскен. Қаржының болмауынан қазір жаттықтырушылар мен ойыншылар он айдан бері жалақы алмаған. Бұдан өзге, клубтың өзге ұйымдар алдындағы қарызы да қордаланып қалыпты. Ал жергілікті бюджетте биылға 400 млн теңге жоспарланғанымен, әлі күнге бөлінбеген.
Жанат Есентаев «Ақжайық» футбол командасына қатысты мәселені айту үшін Астанаға арнайы келген. Өзі клубтың жанкүйері ал 16 жастағы ұлы Ғалымжан 4 жылдан бері жасөспірімдер тобында доп тебеді. Айтуынша «Ақ жайықтың» тағдыры қазір қыл үстінде тұр. Қаржыландыру мәселесі өзекті болғандықтан, болашақта ойыншылардың орнын басатын жүздеген баланың қайда барары белгісіз.
Жанат Есентаев, Орал қаласының тұрғыны:
- Бұл жабылған, тоқтаған жағдайда Батыс Қазақстан көлемінде клуб болмайды. Үш жылдың көлемінде Қазақстан футбол федерациясы бойынша ешқандай клуб Қазақстан чемпионатына қатыса алмайды, жасөспірімдер қатыса алмайды. Себебі, үлкендер основнойдан бөлек әр жасөспірімдер ойнайтын чемпионат бар. Олардың бәрі футболшы болмаса да, мына балалар спортпен айналыссын деген нәрсе бар ғой. Ертең балалар не істейді?
Әдетте жергілікті биліктен қаржыландырылатын футбол клубына биыл бір тиын түспеген. Ал бұл мақсатқа қаралған 400 миллион теңгені игеру үшін осы уақытқа дейін үш рет мемлекеттік сатып алу байқауы жарияланған. Алайда, түрлі себептерге байланысты өтпепті. Мәселенің ушыққаны сонша, іс сотта қаралды.
Гүлдария Қауиева «Ақжайық» футбол клубының құрылтайшысы:
- Ол кісілер бір сөзбен ғана қайтарып отыр. «үш рет гос закуп бердік және оған олардың талаптары сәйкес келмеді. Біздер ештеңе істей алмаймыз, қайтарып тастадық», - дейді. Мен олармен келіспеймін түбегейлі. Өйткені, Бірінші мемлекеттік сатып алу соңына жеткізлген жоқ. Енді соттан кейін екінші мемлекеттік сатып алу ұйымдастырылғанымен, тағы да соңына жеткізген жоқ. Қызметкерлер 10 ай жалақысын алған жоқ. Ол бір. Екіншіден, бізге қызмет көрсеткен қанша мекеме бар. ТОО болсын, ИП болсын, біздермен жыл сайын жұмыс жасайтындықтан. Сеніммен бізге қонақ үйлеріне жатқызды. Сондықтан біздің қарызымыз қазір 400 миллионнан асып тұр.
«Ақжайық» футбол клубының құрылтайшысы Гүлдария Қауиева прокуратурадан бастап барлық құзырлы органдарға шағым түсірген. Қылмыстық іс қозғалуына байланысты ұйымның есеп-шоттары да бұғатталған. Біз Батыс Қазақстан облысындағы жауапты басқармаға да хабарластық. Ондағылар команда қолдаусыз қалған жоқ дейді.
Мирболат Нұржанов, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Наурыз айында бір рет, мамыр айында қайта конкурс жарияланып және осы шілде айында үшінші конкурс жарияланған. Мердігер компания анықталмады. Сондықтан біз осы күнге дейін келген ақшаны 400 млн теңгені облыстық мәслихат сессиясымен шешуге шешім қабылдап, қайта бюджетке қайырылды. Биылша ол қаражат болмайды. Бірақ, келесі жылға да сол қаражат қаралып тұр. Біздер кіші топтағы балаларды 12 группаны ДЮШС қатарына алып кеттік. Оның ішінде 7 тренерін де бізге жұмыссыз отырғасын сондай бағытта.
Ескеретін жайт, өңірлердегі футбол клубтары жергілікті әкімдіктер мен демеушілер тарапынан қаржыландырылады. Қаржылық қиындыққа қарамастан «Ақжайық» командасы биыл ел чемпионатындағы футбол маусымын тәуір көрсеткішпен аяқтады. Бірінші лига сапында қалды. Тіпті келер маусымда да ойнау құқығына ие.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Дархан Күнтуов