Қарағандыда бокстан ел чемпионаты аяқталды. Спорт жаңалықтары
Қарағандыда бокстан ел чемпионаты аяқталды. Жыл соңындағы жарысқа жастар көп келді. Ұлттық құрама сапында Азия чемпионы атанған мықтылар ішкі біріншілікке қатысқан жоқ. Жаттықтырушылар штабы осындай шешім шығарыпты. Бүгін финалдық жекпе-жектер өтті. Дегенмен кейбір салмақтарда бас жүлдені күнібұрын иелеген боксшылар бар. 67 келідегі Төрехан Сабырхан ел чемпионы атанды. Оның қарсыласы Санатәлі Төлтаев жекпе-жекке шыққан жоқ. Аса ауыр салмақтағы Нұрлан Сапарбай да алтын медаль еншіледі. Ең жеңіл салмақта тәжірибелі Теміртас Жүсіпов топ жарды. Ақмола облысының өкілі финалда Нұрзат Оңғаровтан басым түсіп, Қазақстанның 8 дүркін жеңімпазы атанды. 54 келіде Тимур Қабдешовтің бағы жанды. Әйелдер арасында Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова жеңіске жетті.
Ақжол Құрманбек ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанды. Қазақ жігіті Қатар астанасы Доха қаласында өтіп жатқан құрлық біріншілігінде 73 келі салмақта топ жарды. Ақжол қоссайыс қорытындысы бойынша 316 келіні бағындырып, әлем рекордын жаңартты. Жерлесіміз серпе көтеруде де дүниежүзілік рекордқа түзету енгізді. Құрманбек екінші жаттығуда 175 келіні көтерді.