«Хабар» 25 жыл: Ерте кеткен әріптестерді еске алу
25 жылда тележурналистиканың мықты мектебі қалыптасты. «Хабар» Агенттігінің тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, өкінішке қарай арамыздан ерте кеткен әріптестерімізді еске алуды жөн көрдік.
Журналист Бейсен Құранбекті танымайтын көрермен кемде-кем шығар. Еңбек жолын газеттен бастап, кейін телевизия саласында жарқ етіп көрінді. Бейсеннің түрлі тақырыпта түсірген сюжеттері арнаның бейнеқорында сақтаулы. 1990 жылдардың соңында «Хабарға» тілші болып келген ол өзінің білімі мен кәсіби біліктілігі арқасында Елбасының шетелдерге сапарынан мазмұны терең телерепортаждар әзірлеп, көпшілікке танылды. Оның ауыл аймақтардағы өзекті тақырыптарды қаузап, талай түйткілдің шешілуіне түрткі болғаны көзі қарақты көрерменнің есінен шыға қоймағаны анық.
Зейін Әліпбек, тележүргізуші:
- Бейсен Құранбектің қазақ журналистикасындағы өзіндік орны ерекше. Оған ешкім таласа алмайды. Бейсен Құранбек тек журналистің ғана емес, қазақ азаматының да қандай болу керектігін көрсетіп кетті. Сондықтан оның журналистикадағы орны ерекше. Бәрімізге, көпшілікке үлгі болып қала береді. Әрине, ең өкініштісі – ғұмырының қысқа болғаны.
«Азамат Қалымбетов арнаның еркесі еді», – деп еске алады әріптестері. ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған соң, аз-кем баспада тәжірибе жинақтап, «Хабардың» алғашқы құрылған кезінде жұмысқа алынады. Агенттіктің аймақтардағы және шетелдердегі тілшілер қосыны ашылғанда, Әзербайжанға «мен барайын» деп сытылып шығады. Бұл қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген тілшінің білім көкжиегін кеңейтсем деген ниеті еді. Кейін өзі туып өскен БҚО-да меншікті тілші болды. Бағдарламалар да жүргізді.
Ляззат Айтханқызы, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалы жаңалықтар бөлімінің атқарушы продюсері:
- Оның журналистикасына ешқандай шек келтіруге болмайды. Өйткені ол кітапты өте көп оқитын, жастыққа жастанып жатып, күні-түні ұйықтамай кітап оқитын. Ол кездегі барлық басылымда еліміздегі, ТМД елдеріндегі, әлемдік тележурналистика болсын, әлеуметтік, саяси, экономикалық тақырыпта болсын емін-еркін жазатын.
Арнаның алғашқы кезеңінде аянбай тер төккен тағы бір білікті маман, режиссер Рубикжан Яхин де бүгінде ортамызда жоқ. 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында жаңалықтарды эфирге шығаратын негізгі пультті бас режиссер Рубикжан Харисұлы басқарған еді. Астана Ақмолаға көшкенде алғашқылардың бірі болып бүгінгі үлкен ұжымның бастауында болған да осы азаматтар.
Тұрсын Ыдырысова, «Хабар» Агенттігі» АҚ ардагер режиссері:
- Ойнап отырып жұмыс істейтін. Өзі сондай ақкөңіл адам болатын. Ешкімге ренжімейтін, ұрыспайтын. Бас режиссермын деп шікіреймейтін. Білгендерінің барлығын жастарға үйретіп, талай шәкірті болды. Қазақ телевизиясында әлі күнге дейін істеп жүрген шәкірттері бар.
Агенттіктің ширек ғасыр тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, өкінішке қарай бүгінде өмірде жоқ әріптестерімізді еске алайық. Олар: журналист – Сергей Насыров, Ольга Латынина, Диас Омаров, Сәуле Абдуллина, Владимир Антонов, режиссер – Ольга Сацук, оператор – Александр Родин, Рашид Қырықбаев. Бұл азаматтардың таспаға жазған еңбектері «Хабардың» бейнеқорында сақтаулы. Оларды көрермені, бірге жүрген әріптестері ешқашан ұмытпақ емес.
Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев