Талдықорған: «Хабар» көтерген мәселе шешімін тапты
Содан кейін шағын елдімекен тұрғындары жеті жыл бойы жарықсыз отырды. Өркениет көшінен қалған ауылға арнамыздың ардагер журналисі Тілеуқабыл Мыңжасар арнайы барып, бейнесюжет түсірген болатын.
Жергілікті халықтың шынайы тұрмыс-тіршілігі көрініс тапқан материалдан соң көпшіліктің көкейкесті мәселесі оң шешімін тапты. Бүгінде ауыл ақсақалдары сол қиындықтың артта қалғанын айтады.
Тоқсаныншы жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Үлгілі ауылы ауызсусыз, электр жарығынсыз қалған болатын. Өркениет көшінен қалып, тұрмыстың тауқыметін тартқан жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі сол кезде көшіп кеткен.
Серік Әмірхамзин, Үлгілі ауылының тұрғыны:
– 80 мың теңгеге жапониялық матор сатып алдым. 6 сағатқа 2 литр бензин жейді. Екі үйіміз сол мотормен бес жыл жүрдік қой.
Сол жылдары ауыл тұрғындары тоңазытқышты шкаф ретінде пайдаланған екен. Телефон, теледидар көрмеге қойылған бұйымдай болып қалған. Ал күнделікті тұтынатын азық-түлік жертөледе сақталыпты. Жеті жыл бойы жарықсыз отырғандықтан балалар электр тоғы дегенді былай түсінген.
– Свет дегенді білесің бе?
– Білем.
– Ол қандай нәрсе?
– Жарқылдап тұрады аспанда.
Бейнесюжет эфирден берілгеннен кейін күрделі мәселеге қозғау салынды. Сөйтіп бірер жылда проблема оң шешімін тапқан.
Тілеуқабыл Мыңжасар, тележурналистика саласының ардагері:
– Үлкен дүмпу туғызды. Халықтың арасында. Екінші рет барғанда болашағы жоқ ауыл қатарына қосқалы жатыр екен. «Осы жерден көшіңіздер, айналдырған 30 отбасы қалыпсыздар. Отыз отбасы үшін мектеп, амбулатория ұстауға болмайды», – деп айтып, мұны да біз алға тартып мәселе көтердік. Бірден электр жарығы тартылған жоқ. Ол кезде әлеуметтік жағдай қиындау болатын. Аудан басшылығы движок дейді соны қойып беріп, кейіннен мәселені шешіп берген болатын. Халық соншалықты бізге риза болып, хаттар жазып, алғысын білдіріп жатты.
Сейсенбек Әубәкіров, Үлгілі ауылының тұрғыны:
- Мыңжасар Тілеуқабыл ақсақал келді осында. Сол кісінің арқасында осы жерге свет келді. Соның жемісін көрдік. Содан кейін су келді, тіршілік қайта жандана бастады. Ауылдан көшіп кеткен жастар қайта келе бастады. Кезінде 10 үй болатын, 16 үйге жетті.
Үлгіліге көшіп келгендердің қатарында Серікбай Әбілов та бар. Туған жерінде мал шаруашылығын дамытып жатқан шаруа: «Шағын ауыл тұрғындары үшін көлік қатынасы қиын», – дейді.
Серікбай Әділов, Үлгілі ауылының тұрғыны:
– Қазір жол жаман ғой. Жеңіл машиналар шақ келмейді. Жол мәселесін дұрыстап берсе, жақсы болар еді. Су бар, свет бар. Жастарға жұмыс жасауға болады.
Жолмен қатар шағын ауылға бастауыш мектеп, дүкен керек. Қазір тұрғындар азық-түлік алу үшін отыз шақырым жол жүруге мәжбүр. Он жыл бұрынғы бейнесюжетте көтерілген мәселелердің бір парасы күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев