«Хабарға» 25 жыл: Президенттің қызметін жариялайтын ең алғашқы журналистер тобында кімдер болды?
«Хабар» өзінің ширек ғасырлық ғұмырында журналистиканың осы үш қағидасынан ауытқыған емес. Әсіресе елдің саяси өмірінен ақпарат таратуда «Хабарға» жүктелген жауапкершілік зор еді.
2005 жылдың көктемінде телеарнаның жаңалықтар қызметінде маңызды өзгеріс болды. Алғаш рет ресми түрде президенттік пул құрылды. Яғни тек Президенттің қызметін жариялайтын журналистер тобы жасақталды. Олар кімдер еді?
2005 жылдың көктеміне дейін Президент пулы деген ұғым қазақ телевизиясында болған емес. Мемлекет басшысының қызметін жариялауға журналистердің бәрі бірдей жұмылатын. Олардың ішінде Майра Қабиева, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Мақат Садық секілді «Хабардың» ардагерлері де бар. Бірақ ресми құрылған президенттік пулдың алғашқы қазақтілді журналисі – Бейсен Құранбек болатын.
Нұрлан Окаұлы, «Хабар» телеарнасының бұрынғы журналисі:
– Бейсекең салған сара жолмен жұмысты әрі қарай жалғастырып жүре бердік. Алдыңғы буын аға-әпкелеріміз өте жоғары планка қойды. Сол талапқа сай болуға қолымыздан келгенше тырыстық. Айырықша талап дегенде, әрине, әсіресе елдің ішінде жүргенде «Хабар» дегенде адамдар: «Ой, «Хабар», – деп күнде экраннан көріп жүрген адамды көре қалғанда жүгіріп келіп, суретке түсетіндер болатын. Бірақ қарапайым болуға тырыстық.
Нұрлан Окаұлы президенттік пулда аттай алты жыл қызмет етті. Үздіксіз ұзақ сапарлар, апталап, айлап үй бетін көрмейтін кездерде, тіпті туғандары да танымай қалатын.
Нұрлан Окаұлы, «Хабар» телеарнасының бұрынғы журналисі:
– Әлі есімде, 2005 жылы туған кішкентай қызым 2,5 жаста ғой деймін, тілі енді шығып жатқан кезде іссапардан келсем,әкем немересін қолға алып үйде отыр екен. Амандасып, киімімді шешкелі жатыр едім, әкем марқұм немересінен сұрап жатыр: «Кім келді?» деп, сөйтсе қызым маған аңырап қарап, «Аға» дегені бар.
Бұл қазір сәт санап техника мен технология түрленіп жатыр. Ал осыдан 15 жыл бұрын бәрі басқаша болатын. Қазақстанның ақпарат кеңістігі де. Ол кезде техника мен интернеттің қазіргідей дамыған кезі емес, тасып жүрер техниканың ауырлығы бар, оған жауапкершіліктің жүгін қоссаңыз, жұмыс істеу оңайға тиген жоқ. Президенттік пулдың хабарлық журналисті Александр Аксютиц 8 жылдың салмағын әлі күнге ұмыта алмай жүр.
Александр Аксютиц, «Salem social media» бас директоры
– Сюжетті салмағы 300 келіден асатын құрылғыда монтаждау, эфирге жіберу үлкен шыдамдылықты талап ететін. Президенттің кездесулері көп. Ұйқы аз. Шынымен қауырт әрі ауыр кездер. Ең өкініштісі, дайындаған материалды эфирге үлгермей қалу – өзіңнің кәсібилігіңе үлкен соққы болатын. Бейсен екеумізге: «Сендердің жолдарың болды, Президентпен бір ұшақта ұшасыңдар, ел мен жер көрдіңдер», – деп қызығатындар көп болатын. Шынтуайтына келгенде, бұл үлкен әрі қажырлы еңбекті талап ететін.
«Хабар» телеарнасының қазіргі бас операторы Еділ Ермекбаев сол президенттік пулдың операторы болды. Ол кезде телевидениеде маман тапшы. Таспагер тіпті аз. Мемлекет басшысының сапарларын 2-3 оператор түсірсе, қазір президенттік пул құрамында 8 оператор бар.
Еділ Ермекбаев, «ХАБАР» Агенттігі АҚ бас операторы:
– Елбасының жұмыс сапары өте тығыз болатын. Бір жылдары өзім санап көрдім, 360 күннің 250-ін іссапарда болдым. Екі түсірілім тобы болса, бір-бірімізді көрмейміз.
Арман Сеитмамыт, «Ел арна» телеарнасының директоры:
– Көп адамдар ойлайды, шетелде бәрі керемет деп. Әрине, жаман деп айтуға болмайды, жақсысы да, жаманы да бар. Мысалы, біз Иорданияға барғанда интернеттің жылдамдығының аздығы соншалықты, біз бір материалды кешке бастап, түнібойы отырып, таңертеңге жуық қана қуып үлгердік.
Арман Сейітмамыт та «Хабардың» қабырғасында жүргенде президенттік пулдың құрамында болған. Оның ойынша, бұл оның нағыз журналист ретінде шыңдалған кезі болатын.
Арман Сеитмамыт, «Ел арна» телеарнасының директоры:
– Кез келген журналист үшін президенттік пулда жұмыс істеу – бұл үлкен жауапкершілік. Мәртебесі бар деп те айтуға болады. Кез келген журналист Президенттің қасында жүрмейді. Бұл нағыз шыңдалатын орта.
«Хабар» – Қазақстанның тәуелсіз тарихын таспалаған бірыңғай телеарналардың бірі. «Елу жылда ел жаңа», ал 25 жылда қазақ телевизиясы түгел түледі. Тек «Хабардың» ұстанымы ғана қаз-қалпында қала бермек.
– Сенім.
– Сапалы жұмыс.
– Елдің сөзін сөйлеп, елдің жоғын жоқтап жағымды жаңалықтармен жұртты қуанта беруге жазсын!
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Дәурен Жұрқабаев, Нұрғали Мамырбаев, Шапағат Қуатбекова