«Хабар» Агенттігінде қызмет еткен ардагерлер марапатталды
Олар өз істерінің қас шеберлері, майталмандары. Зейнетке шықса да жастармен жиі кездесіп, ақыл-кеңестерін айтып тұрады.
«Хабар» Агенттігінің ардагері Бағдат Мұстафинді танымайтын адам кемде-кем шығар. Режиссердің өзін біле бермесе, туындысы көрерменнің көзайымына айналған.
1995-2000 жылдары аралығында «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясын әрбір отбасы теледидар алдында тағатсыздана күтіп, үлкен қызығушылықпен қараған болатын. Туындының режиссері көп жылдар бойы «Хабар» Агенттігінде еңбек етіп, қазір құрметті еңбек демалысына шыққан.
Бағдат Мұстафин, «Хабар» Агенттігі» АҚ ардагері:
– Ол кездері кино саласы тұралап қалған еді. Ештеңе түсірілмеген. Біз сериалды қолға алған кезде Ресейдің өзінде ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатпаған еді. «Би-Би-Сиден» 20 шақты адам келді. Шығармашылық топ 120 адамдай болдық. 4 режиссер болдық. Қызу жұмыс жүргіздік. Қызық кездер болған еді.
«Хабар» ардагерлерінің тағы бірі – Ләззат Жолболдина. Ұзақ жылдар бойы арнада дыбыс режиссері қызметін атқарған. Жаңалықтар қызметінде еңбек еткендіктен жұмыс ауыр болды. Ол кезде техниканың тілін табу қиын. «Өйткені қазіргі кездегідей компьютермен емес, барлығын қолмен жасау керек болды», – дейді ардагер маман.
Ләззат Жолболдина, «Хабар» Агенттігі» АҚ ардагері
– Бұрынғы техникаға қарағанда мынау енді робот сияқты ғой. Бірдеңе басып қалсаң, бірдеме шығып қалса уайымдайсың. Бірақ мынау өзі сенсорный техника екен. «Хабар» Агенттігіне өте ризамын. Жасымызда келді ғой енді. 60-тан ассақ та, міне, зейнеткерлік демалысқа шықтық. Бірақ жаңалықтарда істеген өте жауапты болды маған.
Өз істерінің қас шеберлері, майталмандары еңбек еткен «Хабар» Агенттігі өздерінің ардақты ардагерлерімен мақтана алады.
Авторлары: Риат Шони, Болатбек Табалдиев