21 наурыздан бастап «Хабар» арнасында «Маска» шоуы көрерменге жол тартады
«Маска» әлемдік франшизасы енді қазақ экранында көрсетілмек. Бағдарламаның шарты бойынша әртүрлі маска киген қатысушылардың кім екенін қазылар алқасы анықтайды.
Марат Оралғазин, қазылар алқасының мүшесі:
- Көп адамды танығандай боласың, бірақ әрдайым күмән болады. «Хабар» арнасындағы рейтингі жоғары, көрерменнің ықыласына бөленетін мықты жоба болайын деп тұр. Шоу интригаға, әр саны өзгеше бір жаңалыққа толы, сондықтан көріңіздер.
Жобаға 14 қатысушы таңдап алынған. Олар екі топқа бөлініп өнер көрсетеді. Әр бағдарламада қазылар алқасының көңілінен шықпаған бір кейіпкер маскасын шешіп отырады. Үш айға созылатын жобаның жеңімпазы финалға өткен үш адамның арасынан анықталмақ. «Қатысушылар – әр саладан таңдап алынған танымал адамдар», – дейді жоба продюсері.
Гүлнұр Мамасарипова, «Маска» шоуының продюсері:
- 14 қатысушының барлығы бірдей әнші емес. Бұл жоба франшиза екенін білесіздер, оның өз ережелері бар. Соған сәйкес бұл жобаға қатысатын адамдарға қойылатын ең басты талап – танымал болуы. Спорт не шоу бизнестен болсын, кино саласы, телевизия, тіпті сән әлемі болсын, кез келген саладағы көпке белгілі адам болу керек.
«Маска» шоуы «Хабар» арнасында 21 наурыздан бастап көрсетіле бастайды. Әр жексенбі кешкі сағат 19:15-те «Хабар» арнасы қосулы болсын!
Әртүрлі жануар мен кейіпкердің бетпердесін киген қатысушылардың құпиясын бірге ашайық.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон