«Хабар» телеарнасы Амангелді Сейітханның жарқын бейнесін еске алуға арналған деректі фильм көрсетті
«Фильм Амангелді ағамыздың қазақ спорт журналистикасына сіңірген еңбегі, қазақ телевизиясында қалдырған қолтаңбасы, оның өзіндік болмысы мен ерекшеліктері туралы. Бұл туынды әріптес болған, қызметтес болған аға-іні, бауырларының естелік пікірлері, еліміздегі спорт федерациялары өкілдерінің берген сұхбпаттарынан сыр шертеді», – деді жоба авторы Мырзабек Түсіпов.
Қазақтың танымал комментаторы 1969 жылы ШҚО Мақаншы ауылында өмірге келген. Амангелді Сейтхан еңбек жолын 1991 жылы «Спорт» газетінен бастаған. 1994 жылы «Қазақстан» телеарнасында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болды. Спорт бөлімінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Кейінірек «Құмсағат» хабарына спорттық ақпараттар бойынша продюсерлік етті. 1997 жылы «Хабар» арнасына ауысып, өмірінің соңына дейін осы ұжымда белсенді әрі табанды жұмыс істеді.