«Хабар» арнасында «Рауза» телехикаясының екінші маусымы басталды
Телетуынды 16 бөлімнен тұрады. Өмірдің шынайы оқиғаларынан сыр шерткен телехикаяның бірінші маусымы көрермен жүрегін жаулап алды. Екінші маусым аласапыранға толы 90-жылдар мен өркендеген қазіргі шақтың оқиғаларымен жалғасады.
«Бұл маусым мүлде басқа форматта түсірілген. Бірінші маусым махаббат пен лирикаға толы болса, екінші маусым экшнға толы болмақ», - деді Сакураның рөлін сомдаған актер Айдар Асқарбек.
Бір қызығы, Асқар Айдарбек өз махаббатын бірінші бөлімнің түсірілімі барысында жолықтырды. Кинодағы кейіпкерлері қосыла алмағанымен, шынайы өмірде «Рауза» мен «Сакура» үйлену тойын жасады. Қазір Раузаның рөлін сомдаған актриса Жарқынай Ханайым Асқар Айдарбек екеуі тұңғыштарын тәрбиелеуде. Осылайша, «Рауза» телехикаясы жаңа жұлдызды жұптың пайда болуының себепшісіне айналды.
Телехикаяның бірнші маусымында аяқталмай қалған оқиғалар болды. Олардың сыры екінші маусымда ашылады. Шытырман оқиғалы фильмде көрермендерді қылмыстық оқиғалар, өмір үшін күрес, өткеннің істері үшін жауапқа тартылған адамдардың тағдыры күтуде.
«Рауза. Сакураның гүлдеуі» драмасын 20 қыркүйек күні сағат 21:30-да «Хабар» арнасынан өткізіп алмаңыздар!