«Хабар» Агенттігінің қызметкерлері болашақ журналистерге шеберлік сағатын өткізді
«Хабар» Агенттігінің тілшілері Мақсұт Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ студенттерін салиқалы сұхбат құру, тартымды репортаж жасап, маңызды ақпарат жеткізу жолы қызықтырды. Бұл ретте «Хабар» арнасындағы журналистік зерттеу бөлімі мамандарының айтары көп. Қоғамдағы түйткілдерді ашық көрсетіп жүрген журналистік зерттеулерді көпшілік асыға күтеді.
Айгүл Әділова, Дмитрий Олейников, Арман Ештаев, Сәби Байбосынов бастаған ұжымның еңбегі ерен. Олармен тілдесіп, кеңесу студенттер үшін үлкен мүмкіндік болғаны рас. КАЗГЮУ-да биыл ғана ашылған журналистика факультетінің студенттері болашақта сараптама, зерттеумен айналысады. Демек, олар үшін бүгінгі дәрістің маңызы зор.
Анар Ибраева, М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ жоғары гуманитарлық мектебінің деканы:
- Осынау бастамаға өте қуаныштымыз. Студенттерімізге нағыз мамандардың дәріс беруі үлкен тәжірибе алумен тең. Сондықтан осы салада тер төгіп жүрген жандармен етене жұмыс істеуді жөн санадық. Бүгінгі дәріс те қызықты болды.
Айгүл Әділова, журналистік зерттеу жобаларының жетекшісі:
- Маман тапшылығы мәселесі қашанда өзекті. Журналистік зерттеуде де солай. Мемлекет ЖОО дұрыс бағытта жұмыс істеуіне жағдай жасап жатыр. Ең бастысы, таңдау бар. Мамандықты дұрыс таңдап, біліктілікті арттырып отыру өз қолыңызда.