«Хабар» телеарнасы «Қасіретті қаңтар: оқиға қалай өрбіді?» деректі фильмін ұсынады
20 минуттық туындыда оқиға желісі бастан-аяқ қамтылған. Атап айтқанда, бейбіт халық пен арандатушылар және бүлікшілердің әрекеттері ашып көрсетілген.
Қасіретті қаңтар. Оның желісін сипаттайтын бұл фильм қандай да бір болжам немесе пайымдауға сүйеніп құрылмаған. Барлығы – бейнежазбаға басылған нақты фактілер. Онда 1-8 қаңтар аралығындағы оқиғалар қамтылған. Алғашқы төрт күні шеру бейбіт түрде өтті. Жазбаларға зер салсақ, сол кездің өзінде халықтың арасына іріткі салуға тырысқандарды жиналғандар өз қатарынан бірден шеттетіп отырған.
Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Фильмде бәрін ретімен баяндай отырып, оның қаншалықты ушыға түскенін көрсеттік. Болған оқиғаларды барынша талдадық. Оны әлі де зерттеуіміз, тиісті сабақ алуымыз керек.
Жиналғандар алаңға шығудағы мақсаттарын ашық айтты. Ол – газ бағасын төмендету. Талап толықтай орындалғанымен, митингілер жалғаса берді. Тіпті географиясы ұлғайып, 11 аймақта халық көшеге шықты. 5 қаңтардың күні жағдай тіптен қиындады. Құзырлы органдардың дерегінше, дәл осы кезде бейбіт халық емес, содырлар мен лаңкестер өз күштерін көрсете бастады. Президент барлық жерде коменданттық сағат орнатып, төтенше жағдай режимі енгізілді.
Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:
- Әуелі бейбіт шеру болды, біз мұны да көрсетуіміз керек. Бірден тікелей террорлық актіге ауысқан жоқ. Бұл жағдайға қалай дұшар болдық, осыны талдай білуіміз керек. Міне, фильмде көрерменге осыны көрсете білді. Екіншіден, бұл, әрине, деректі бейнелер.
Денис Кривошеев, блогер:
- Халық оның қалай өрбігінен осындай жоба арқылы білгені дұрыс. Алда фильмнің екінші бөлімін жасаса деген ұсынысым бар. Жалпы мен фильмде көрсетілген «Қасіретті қаңтардың» куәсімін. Қаңтардың бесі күні Алматыда болып, бәрін өз көзіммен көрдім.
Оқиға желісін жалғастырсақ. 6 қаңтар. Елде антитеррорлық операция режимі жарияланды. Сол кезден бастап күштік құрылымдар қару қолдануға мәжбүр еді. Тек 8 қаңтарда ғана елдегі жағдай біртіндеп тұрақтала бастады. Туындыда әкімшілік ғимараттардың қиратылуы, дүкендердің тоналуынан бастап, ауруханалардың қоршауға алынуы, оққа ұшқан қызметкерлер мен бейбіт тұрғындар да қамтылған.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин