«Жаңа Күн - Жаңа Қазақстан» атауымен « Хабар» арнасында онкүндік телемарафон басталды
Арнайы жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, телемарафон аясында осындай игі іс-шараларды күн сайын өткізу жоспарлануда. Марафонда студияға келетін қонақтармен сұхбаттар жасалады, ұлттық спорт түрлерінен көптеген жарыс ұйымдастырылып, жүлде таратылады, мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетіледі.
Айдос Тұрысбек, «Хабар» арнасының шеф-редакторы:
- «Хабар» Агенттігі елімізге аманат қылған Наурыз мерекесін 10 күндік телемарафон ретінде атап өтуді бастап кетті. 10 күн ішінде біз таңғы 7-ден түнгі 12-ге дейін Нұр-Сұлтан, Алматы студияларынан эфирге шығып отырамыз. Телемарафон аясында біз тарихқа тағзым етіп, бабаларымызды ұлықтаймыз, мұқтаж жандарға жақсылықтар жасап, басқа елдерде Наурыздың қалай тойланатынын көрсетеміз.
Естеріңізге сала кетейік, наурыздың 14-і күні отандық телевизия тарихындағы тұңғыш 10 күндік телемарафон «Хабар» арнасынан көрерменге жол тартты. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына арналған «Жаңа күн – жаңа Қазақстан» телемарафоны наурыздың 23 дейінгі аралықта тікелей эфирде көрсетіледі.