Хабар телеарнасы

«Хабар» телеарнасында мерекелік телемарафон жалғасуда

«Хабар» телеарнасында мерекелік телемарафон жалғасуда

«Жаңа күн – Жаңа Қазақстан» марафоны көктемгі жаңарудың символы – Наурыз мерекесі қарсаңындағы арнайы жоба.

Телемарафонның әрбір күні маңызды оқиғаға орайластырылған. Жоба аясында «Хабар» Агенттігінің қызметкерлері балалар үйі, хоспис және қарттар үйіне барып, мерекелік көңіл күй сыйлап қайтты. Алдағы уақытта коммуналдық жұмысшылар үшін түскі ас ұйымдастырылып, ағаш отырғызу, мұқтаж жандарға пәтердің кілтін табыстау жоспарлануда.

Телемарафон 10 күн, 10 қайырымды іс, 10 маңызды оқиғаны қамтымақ. Жоба аясында студияға келетін қонақтармен сұхбаттар жасалады, ұлттық спорт түрлерінен көптеген жарыстар ұйымдастырылып, әр алуан жүлделер таратылады.

Бүгінгі марафонда Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті Ақмаржан Мәдиярбекке тікелей эфирде оқудың ақысын төлеу үшін сертификат табысталды.

Сонымен қатар марафон аясында «Хабар» Агенттігі «Наурыз тілек» атты байқау жариялады. Байқауға қатысу үшін наурызға арналған тілекті бейнеролик ретінде жазып алып, әлеуметтік желілердегі өз парақшаңызға #Наурызтілекхабар хэштегімен жүктеңіз. Ең қызық видеоқұттықтаулар «Хабар» арнасында көрсетілетін болады.

14-23 наурыз аралығында «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде «Жаңа күн – жаңа Қазақстан» телемарафонын тамашалаңыздар.