Телемарафон қорытындысы: 600-ден астам мұқтаж жанға көмек көрсетілді
14 наурыздан бері «Хабар» арнасы Ұлыстың ұлы күніне орай мерекелік концерттер, деректі фильмдер, сериалдар мен бағдарламалардың арнайы шығарылымдарын көрсетумен шектелген жоқ. Тікелей эфирде түрлі қайырымдылық шарасы қоса ұйымдастырылды.
Нәтижесінде, көпбалалы үш отбасы баспаналы болды. Балалар үйі мен ұлттық онкологиялық орталықта ем алып жатқан бүлдіршіндерге көмек көрсетілді. Сондай-ақ аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға білім беру сертификаттары, ал қарттар үйіне үш теледидар тарту етілді. Ал бүгін агенттік ұжымы елордалық дағдарыс орталығындағы келіншектерге көмек көрсетті.
Айдос Тұрысбек, «Хабар» арнасының шеф-редакторы:
- Наурызды 10 күн бойы тойлап, оны игі дәстүрге айналдырсақ деген мақсатымыз болды. Мақсатымызға жеттік деп ойлаймыз. Бұл дәстүр, мұндай жақсылықтар бір ғана күнмен шектелмей, үнемі жалғасып отырса деген тілегіміз бар. Біз бүкіл «Хабар» Агенттігінің ұжымын осы марафонға жұмылдырдық. Бұл да біз үшін үлкен бір сынақ болды. Өйткені 10 күн бойы үзіліссіз хабар тарату кез келген ұжымға салмақ салады. Бірақ бұл тұсынан да өттік.