«Хабар» арнасы қазақстандық үздік фильмдерді ұсынады
15 сәуірден бастап «Хабар» телеарнасының көрермені қазақстандық кино өнерінің туындыларын тамашалайды.
Енді күн сайын сағат 16:00 мен 18:00 аралығында таңдаулы туындылар кино сүйер қауымның назарына ұсынылады.
«Бүгіннен бастап «Хабар» телеарнасы отандық фильмдерді көрсетуді жоспарлап отыр. Күн сайын сағат 16:00-де арнамыздан лирикалық мелодрама, отбасылық комедия және шым-шытырық боевиктер ұсынамыз. Ал 15 сәуір Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлу күні болғасын, көрсетілімді «My love is Aisulu» романтикалық комедиясынан бастаймыз», - деді «Хабар» телеарнасы бағдарламалар қызметінің директоры Мақсат Үргеншбаев.
16 сәуірде көрермендердің назарына «Я жених» атты авантюраға толы ромком ұсынылады. Фильм Тимур есімді жігіттің құрбысын әкесінің қаһарынан құтқару үшін күйеу бала ретінде танысатын қызыққа толы оқиға туралы баяндайды.
«5 причин не влюбиться в казаха» атты тағы бір махаббат хикаясының көрсетілімі 17 сәуірге жоспарланған. Шетелде оқыған Динара атты бойжеткеннің француз жігітіне тұрмысқа шығу жоспарына не кедергі болмақ?
Қала орталығына көшіп, жаңа мектепке барған жасөспірімнің қиындықтары мен бастан кешкен оқиғалары туралы «Районы» фильмі 18 сәуірде көрсетіледі.
19 және 20 сәуірде көрермендерге «Бизнесмены» фильмі және «Она» психологиялық триллері ұсынылады. Бірінші кинокартина көрермендерді өткен ғасырдың 90-жылдарына қайтарса, екіншісі үлкен қалалардағы жалғыздық мәселесі жайлы ой қозғайды.
Ал 21, 22, 23 және 24 сәуірде «Бизнес по-казахски» комедиялық франшизасының «Бизнес по-казахски в Америке», «Бизнес по-казахски в Африке» және «Бизнес по-казахски в Корее» атты барлық сериясын «Хабар» арнасының эфирінен тамашалаңыздар!