«Хабар» Агенттігі Иранның медиакомпаниясымен меморандумға қол қойды
«Хабар» Агенттігі Иран Ислам Республикасының телерадио хабар тарату компаниясы – IRIB-мен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Құжатқа Қазақстан Республикасы Президентінің Тегеранға ресми сапары барысында Мемлекет басшыларының қатысуымен қол қойылды.
«Мақсатымыз – Агенттік телеөнімдері мен брендін жаңа нарыққа шығарып, ілгерілету. Тиісінше, кәсіби және техникалық тұрғыдан өзара тәжірибемізбен және телеөнімдерімізбен алмасуды, бірлескен жобаларды іске асыруды, Иранның БАҚ саласындағы іс-шараларына қатысуды көздеп отырмыз», – деді «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли.
Анықтама үшін: IRIB (Islamic Republic of Iran Broadcasting) телерадиохабар тарату компаниясы – 1979 жылы құрылған Азиядағы ең ірі медиакомпаниялардың бірі. Иранның жетекші хабар таратушысының құрамына 12 ұлттық телеарна, 4 халықаралық жаңалықтар арнасы, халықаралық аудиторияға арналған 6 спутниктік арна, сондай-ақ 30 аймақтық арна кіреді. Барлық телеарналарды спутниктік және кабельдік теледидар арқылы көруге болады.