Хабар телеарнасы

Тележүргізушілер кастингінің жеңімпазы анықталды

Тележүргізушілер кастингінің жеңімпазы анықталды

«Хабар» Агенттігі» АҚ өткізген тележүргізушілер кастингінің қорытындысы жарияланды. Кастинг жас таланттарды анықтап, отандық медиа саласында жаңа есімдердің пайда болуына септесті.

Іріктеу 15 шілде мен 21 қазан аралығында үш кезеңмен өтті. Кәмелет жасына толған кез-келген ниет білдіруші кастингке  қатысуға мүмкіндік алды. Талаптар қарапайым болды. Іріктеудің бірінші кезеңінде қатысушылар өздерінің Instagram аккаунттарында арнайы хэштегтермен 1 минуттық видео жариялады. 200-ден астам қатысушы еліміздің барлық өңірінен өз қаласындағы өзекті оқиғаларды жариялап, материалды беру мен түсірудің өзіндік стильдерін байқатты. 

Креативтік көзқарас, сюжет жасау, кәсіби журналистиканың негіздерін білу – тележүргізушілер кастингінің басты критерийлері осы болды. «Хабар» Агенттігінің басшылығы мен тәжірибелі журналистерден құралған сарапшылар тобының мүшелері финалға тек 12 үміткерді өткізді. Кастингтің финалдық кезеңінде қатысушылар «Хабар» Агенттігінің студияларында түсірілім жасап, комиссия мүшелерімен әңгімелесті. Қатысушылардың айтуынша, бұл бүкіл іріктеу кезеңіндегі ең толқынысты сәт болыпты. 

Кастингтің қорытындысы бойынша финалистер арасынан ақтық сынға Тараздан келген Қасымхан Бекен жеңімпаз атанды. Кәсіби еңбек жолын облыстық телеарнадан бастаған жас журналист өз әсерін бөлісті.

- «Хабар» телеотбасының бір бөлшегі болу - мен үшін үлкен мәртебе. Бұл - білікті кадрларды өсіріп шығаратын мықты мектеп. «Хабар» Агенттігінде жұмыс істеу арманым болатын. Сондықтан кастинг жариялана салысымен бірден қатысуды ұйғардым. Бізде талантты жастар өте көп. Бүгінгі финалистердің бәрі де мықты. Еңбек жолын енді бастап жатқан мамандарға осындай бірегей мүмкіндік бергені үшін «Хабар» Агенттігіне алғыс айтқым келеді, - дейді Қасымхан Бекен.