Түркияның 7 аймағында орман өртімен күрес жалғасып жатыр. Ескишехир аймағындағы қызыл жалынды сөндіру кезінде 11 адам қаза тапты. Тағы бірнеше кісі жарақат алды. Орман қызметкерлері мен құтқарушылар өрт ошағында қалып қойған. Апат кезінде ауа температурасы 42 градусқа дейін көтеріліп, жел тұрған. Елде маусым айынан бері 1,5 мыңнан астам өрт оқиғасы тіркелген. Оның 600-ден астамы орман алқаптарында болды.
Ибрахим Юмаклы, Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі:
-Ескишехирде басталып, Афионкарахисарға дейін жалғасқан орман өртінде 19 орман қызметкері мен 5 құтқарушы от ішінде қалып қойды. 11 кісі қаза тапты. Қалған 14 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Қайтыс болғандардың жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Алда күн қатты ысып жағдай қиындай түсуі мүмкін. Сондықтан азаматтарды барынша абай болуға шақырамын.