Ресей мен Украина 1200 әскери тұтқын алмасады

  • 120
  • 24.07.2025, 19:03

Ресей мен Украина 1 мың 200 әскери тұтқын алмасады. Ыстамбұлдағы Чыраған сарайында өткен келіссөздің үшінші кезеңінде тараптар осындай шешімге келді. Ресей 3 мың украин сарбазын қайтарады және 7 мың адам денесін береді. Сондай-ақ саяси, гуманитарлық және әскери мәселелер бойынша үш онлайн жұмыс тобын құруды ұсынды. Ал Украина тарапы атысты уақытша тоқтатуға және көшбасшылар кездесуі үшін диалог жүргізуге дайын екенін жеткізді. Кездесу тамыз айының соңына жоспарланған. Оған Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мен АҚШ президенті Дональд Трамп қатысуы мүмкін. 

Владимир Мединский, РФ Президентінің көмекшісі:

-Біз бұл жолы уақытты, ресурстарды және салық төлеушілердің қаржысын үнемдеу мақсатында Украинаға үш жұмыс тобын онлайн форматта құруды ұсындық. Олар бұл ұсынысты қарастыруға келісімін берді. Сондай-ақ атыс жүріп жатқан жерде 24-48 сағатқа уақытша қақтығысты тоқтату режимін енгізуге ұсыныс тастадық. Мұнан бөлек, біздегі украин балаларының заңды ата-аналары, жақын туыстары немесе ресми өкілдері табылып жатса, оларды шұғыл үйіне қайтарамыз. Бұған дейін балалардың бір бөлігі Украинаға қайтарылды.

Рустем Умеров, Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы:

-Біздің басты басымдығымыз мемлекет басшыларының, президенттердің кездесуін ұйымдастыру. Егер Ресей бұл ұсынысты қабылдаса, бұл оның конструктивті көзқарасын бүкіл әлемге, соның ішінде біздің серіктестерімізге айқын көрсететін еді. Украина толық әрі сөзсіз атысты тоқтату туралы ұстанымын әрі қарай да жалғастырады. Екінші тарап та осы негізгі қадамды қабылдауға тиіс. Сонда ғана бейбітшілікке жол ашылады.