Коронавирус 100-ден астам елге тарады
Яғни қауіпті вирус эпидемиялық деңгейден асып, бүкіл ғаламшарға жайылды. Осыған байланысты халықаралық ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус әлем елдерін індетке тосқауыл қою үшін шұғыл шаралар қабылдап, онымен қарқынды күресуге шақырды. Бұл мәлімдемеден кейін әлемдік қор нарығында индекстер төмендеп кетті. Нью-Йорк қор биржасында өндірістік компаниялардың құнды қағаздарын ұсынатын «Dow Jones» 5,86% құнсызданды. Ал «NASDAQ» 4,7% жоғалтты. Еуропа биржасында да негізгі индекстер арзандады. Жағдай тіпті ұшыға түсе ме деген болжам бар.
Коронавирустың таралу географиясы күн санап кеңейіп барады. Осы уақытқа дейін жұқпалы індет 5 құрлықтың 114 мемлекетінде анықталды. COVID-19-дан ада болып саналып келген Куба да солардың қатарына қосылды. Инфекция 3 италиялық туристен анықталған. Енді бұл эпидемия емес, пандемия болып жарияланды.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:
- Адамзат баласы коронавирус пандемиясымен алғаш рет бетпе-бет келіп отыр. Бірақ бұл дертті бақылауға алуға болады. Әлемнің 114 еліне таралып үлгерген вирустың 90% төрт елде тіркелген. Қытай мен Оңтүстік Кореяда дертке шалдыққандардың саны едәуір азайды. Бірақ алдағы апталарда індеттің өршуі артып, дертке шалдыққандар көбейеді.
Соңғы рет әлемде пандемия 2009-2010 жылдары Н1N1 тұмауына байланысты жарияланған. Ол кезде Мексикадан шыққан індет 220 мың адамға жұғып, 2 мыңы қайтыс болды.
Ал COVID-19-ға қатысты «пандемия» терминін америкалық CNN телеарнасы осыдан 3 күн бұрын қолдана бастады. Қазір АҚШ-та дертті бір мыңнан астам адам жұқтырған. 38-і қайтыс болды. Нью-Йорк маңындағы Нью-Рошелл қаласында инфекция ошағы анықталып, қауіпті аймақ оқшауланды. Ал ел астанасы Вашингтонда төтенше жағдай жарияланды. Індеттің таралуына жол бермеу үшін Дональд Трамп Еуропадан келгендердің елге кіруіне тыйым салды. Шектеу 30 күнге созылып, теңіз және әуе қатынастары да тоқтатылмақ.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында АҚШ-та вирус жұқтыру деректері Еуропамен салыстырғанда аз. Ал Еуроодақ қауіпсіздіктің қамына кіріспей, Қытайдан келетіндерге шекараны жапқан жоқ. Нәтижесінде АҚШ-та індеттің таралуына Еуропадан келген саяхатшылар себепкер болды.
Ауру ел таңдамайды, адам талғамайды. COVID-19 жұқтырғандар арасында лауазымды тұлғалар да, әйгілі жұлдыздар да бар. Голливуд актері Том Хэнкс әйелі Рита Уилсон екеуі коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Ойыншылардың бірінен инфекция анықталып, ұлттық баскетбол қауымдастығының тұрақты чемпионаты кейінге қалдырылды.
Италия да карантинге жабылды. Барлық сауда орны мен мейрамхана жұмыс істемейді. Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана ашық. Соңғы мәліметке сай COVID-19-ды жұқтырғандардың саны 12 мыңнан асты. Кемінде 820 адам көз жұмды.
Джузеппе Фратто, Милан тұрғыны:
- Биліктің бұл шешімімен келісемін. Эпидемияны тоқтатуға болады. Екі апта үйде отырып, кейін қалыпты өмірге ораламыз.
Сақтық шаралары Испанияда да күшейтілді. Дертке шалдыққандар саны бойынша ел қазір 5-орында тұр. Науқастардың саны 2 мыңнан асады. Әсіресе Мадридтегі жағдай қиындап, іс-шаралар өткізілмей, музейлер жабылып жатыр. Мектептерде сабақ тоқтатылған.
Науқастар саны Ресейде де артып барады. Соңғы мәліметке сай, елде 28 адамнан ауру белгілері табылған. Олардың арасында жасөспірім де бар.
Авторы: Меруерт Жақан