Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы жағдай тұрақталды
Қазір шаһар тұрғындары үшін жолдар ашылып, ары-бері жүруіне рұқсат етілді. Ал Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қираған үйлерді жөндеуге уәде берді. Сонымен қатар бұл істің ақ-қарасын анықтау үшін аудан ақсақалдарынан комиссия құруды тапсырды.
Шекарада тұтанған қарулы қақтығыс қазір басылды. Екі жақ ортақ ымыраға келді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қанды оқиғадан қырғыздың 36 адамы қаза тауыпты. Тағы 183 азаматы дәрігер көмегіне жүгінді. Бұдан бөлек Баткен облысында 107 үй қираған. Ал тәжік жағынан 150-ден астамы жараланып, 16-ға жуығы көз жұмыпты. Бірақ бұл – бейресми ақпарат. Енді алдағы уақытта осындай оқиға қайталанбас үшін, қос тараптың өкілдері кездесу ұйымдастырды.
Саймумин Ятим, Тәжікстан ҰҚМК төрағасы:
- Бүгін біз қырғыз бен тәжік шекарасындағы оқиғаны сөз еттік. Енді ары қарай тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ететін ортақ келісімге келе аламыз. Әрі осы іске сенім білдіреміз.
Енді Қырғызстан мен Тәжікстан 9 мамырға дейін шекараның 112 шақырымын айқындайды. Бұл туралы Қамшыбек Ташиевке сілтеме жасаған 24.KG порталы хабарлады. Онда 112 шақырым айқындалған соң, президенттер келісімге қол қойып, шекараны белгілейді деп жазылған. Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы әскерлерін алып кетті. Бұл туралы Қырғызстанның Ұлттық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі мәлімдеді. Әскерилер өткен түні шекарада атыс немесе өзге де оқыс оқиғалар болмағанын жеткізді. Қазір екі елдің бірлескен комиссиясы шекара аумағын қадағалап, тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қамшыбек Ташиев, Қырғызстан ҰҚМК төрағасы:
- Құдай қаласа, тыныштық серігіміз болар. Достық пен тыныштық біздің елдерімізде, әсіресе шекара маңында орналасқан аудандарда орнайды деген үміттеміз. Біздің кездесуімізде көтерілген мәселелер өз шешімін табады деген сенімдеміз.
Сонымен қатар оқиғаны тергеу басталып, бейбітшілікті сақтау үшін қақтығыс болған аудандарда тұратын ақсақалдардан комиссия құру ұсынылды.
Авторы: Бірлік Берікұлы