Радиацияны анықтайтын робот пен ұшатын машиналар Оңтүстік Кореядағы көрмеде ұсынылды
Осы және басқа да «ақылды» жобалар Оңтүстік Кореядағы ғылыми технологиялар көрмесінде ұсынылды. Өз ноу-хауларын 30-дан астам ғылыми-зерттеу орталық, университет пен компания таныстырды.
Оңтүстік Кореяда ғылымға деген қызығушылық бала кезден қалыптасады. Осыны ескерген мамандар көрмеге танымдық ойындарды қойған. Мысалы, мына ойында балалар шарларды атты. Жиырма жылдан кейін бұл үлкен жобаға айналады.
Владислав Цой, тілші:
- Бұл құрылғы болашақта вакуумдық құбыр ішінде жоғары жылдамдықпен жүретін пойыздардың қалай қозғалатынын түсінуге мүмкіндік береді. Корея жобаны 2040 жылға дейін жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Көрмеде ашық сабақтар өткізіліп, ауа мен жердің ластануы неліктен қауіпті екені түсіндірілді. Дегенмен балалар қалдықты сұрыптау керек екенін қазірден біледі. Өйткені қоқысты іріктемей тастаса, айыппұл салынатынын олар естіп жүр. Ал 2023 жылы ауада ыдырап кететін, қоқысқа арналған зиянсыз қаптар шығарылады.
Ли Ки Бэк, ғылыми-зерттеу институтының ғалымы:
- Біз ғылыми орталықта бір жылдан кейін ыдырап кететін материал жасадық. Оның түрі полиэтиленге ұқсайды. Кәдімгі қоқыс қаптарына қарағанда бағасы қымбат болуы мүмкін. Ал полиэтилен пакет қоршаған ортаға зиян. Сондықтан келешекте оған салынатын салық өсуі мүмкін.
Ал мына робот сезімтал сенсор арқылы атом электр станциясы маңындағы радиация деңгейін анықтай алады. Апат болған жағдайда, жасанды интеллекті бар басқа құрылғы көмекке келеді. Кореядағы атом электр станциясында айтарлықтай төтенше жағдай тіркелмеген. Десе де мамандар Фукусима апатын ескеріп, одан сабақ алуға тырысады.
Ким Сон Хун, атом энергиясы ғылыми-зерттеу институтының ғалымы:
- Апат болған жерде Армстронг есімді робот жолдағы бөгеттерді тазалап, өртті сөндіреді немесе радиоактивті заттардың тарап кетуіне жол бермейді. Бұл роботтың ең үлкен артықшылығы: гидравликаның көмегімен құрылыс крандары сияқты көп күш жұмсай алады. Мысалы, робот бір қолымен 100 келіге дейін жүк көтере алады. Екінші қолы да іске жарамды.
«Ақылды» құрылғылар – Кореядағы төртінші өнеркәсіптік төңкерістің жемісі. Таңғы самал елі ноу-хау жасауға құмар. Айталық, технологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарына жалпы ішкі өнімінің 5% жұмсалады. Ал келер жылы ғылым саласына мемлекет 26 миллиард доллар бөліп отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян