Хабар телеарнасы

Қарақалпақ Республикасы аумағындағы айдында су жануары кездеспейді

Әсіресе Қарақалпақ Республикасы аумағындағы айдында су жануары кездеспейді. Тартылған теңізде тұздың көптігінен тіршілік тоқтаған. Ал Қазақстан жақта жағдай біршама қалыпты. 

Бұл — қарақалпақ халқының ұлттық аспабы ала мойнақ дутар. Қазақтың қара домбырасына ұқсас. Үстірт атырабын мекендеген бауырлас елмен қасіретіміз де ортақ. Арал теңізі тартылғалы Мойнақта тіршілік тоқтады. Бір кездері дамылсыз жұмыс істеген балық зауыттары жабылған. Бірақ халық үдере көшкен жоқ. Қалаға қоныс аударғаннан жаңа кәсіп ашып, тұрмысын түзегендер көп.

Елшод Валиев, Туризм және мәдени мирас министрлігі баспасөз қызметінің өкілі:
-Бүгінгі күнде Арал теңізі жоғалып бара жатса да, Мойнақ халқының теңізбен тығыз байланысты тірлігі сақталып қалған. Осының ішінде бірінші кезекте бұл біздің асханамыз. Милли тағамдарымызды мысал ретінде айта аламыз. Әлбетте Мойнақтың осындай өзгешелігі мемлекеттің туризмі дамуына үлесін қосады.

Балықтың түр-түрінен 99 түрлі дәм. Су жануары Аралдан ауланып жатқан жоқ. Онда тіршілік атаулы кездеспейді. Қарақалпақ Республикасы аумағындағы теңіздің бір бөлігі тұзданып кеткен. Мойнаққа тек Әмударияның табаны жетеді. Ежелгі Жейхун өзені арқылы жергілікті халық көлдерін суландырып, бау-бақшасын баптап отыр. Сол арқылы балық шаруашылығы қайта жанданып келеді.

Гүлсәуір Тілеумұратова, аспаз:
-Енді бұрынғыдан су аз, сонда да болады. Балықтарымыз бар. Тек балықтан 20 түрлі тағам алып келдім.

Қазір мұнда туризм – негізгі табыс көзі. Түрлі фестиваль, экология тақырыбындағы танымдық турлар тұрғындардың тұрмысын тіктеуге сеп. Тартылған теңіз зардабын тартқан аймаққа арнайы жәрдем беріледі. Одан бөлек, мемлекет кәсіп бастаймын деушілерге салықтық жеңілдік ұсынады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов