Екеудің таққа таласы: ертең соңғы кезең
Жалпы әлемдегі геосаяси жағдай күрделеніп барады.
New York Times газеті ертең Түркиядағы сайлауда кім ұтса да оны экономикалық үлкен дағдарыс күтіп тұр деп сараптамалық мақала жариялады. Расында да кейінгі 10 жылда түрік лирасы долларға қатысты құнын 80% жоғалтты. Жексенбіде Түркияның әрбір азаматының дауысы алтыннан да бағалы болмақ. Екінші турда Ердоған мен Кылычдароғлы тартысында қайсысы бір дауыс артық алса, сол Президент атанады. Сондықтан да Ердоған газды тұрғындарға тегін бергізіп, зейнеткерлер ақшасын өсірді. Президент Ердоғанның осы әрекеттерін сынап жүрген қарсыласы Кылычдароғлы: «Несие-кредит алғандар үшін проценттерін мемлекет есебінен төлетемін, қалған соманы президент болсам, үш жылға созамын», - деп сайлаушыларға ақырғы сөзін айтты.
Кім ұтады дегенге келсек, өткенде Бразилиядағы президенттік сайлауда да бірінші тур дәл осылай аяқталған. Онда да сәл көбірек дауыс жинаған кандидат жеңіске жеткен. Сарапшылар соған сүйеніп: «Ердоған Президентігін жалғастыра береді», - дейді.
Түркияның келесі президенті кім болады? Әуелі премьер-министр, сосын президент ретінде елді жиырма жылдан астам басқарып келген Ердоған ба, әлде оның қарсыласы Кемал Қылычтароғлы ма? Түркияда билікке мұндай тартысты талас бұрын-соңды болмаған. Сондықтан болар, Анадолы еліндегі екеудің текетіресіне төрткүл дүние көз тігіп отыр. Ертең президент сайлауының екінші кезеңі, қос үміткердің де президент болудан дәмесі еселене түспесе, ортаймаған секілді.
Түркияны 9 жыл басқарған 69 жастағы Реджеп Тайып Ердоған өз сайлаушыларына қандай уәде беріп отыр? Түркияның оңтүстік-шығысындағы 50 мыңнан астам адамның өмірін қиған жойқын жер сілкінісінің салдарын тез арада жоюға, инфляция деңгейін бірнеше есе төмендетуге және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға сөз берді ол. Жастарға 7,5 мың доллар несиені пайызсыз бермек. Республикалық альянс коалициясының үміткері: «Мұны бәріне біріккен парламент пен президенттік жүйе арқылы қол жеткізуге болады», - деп сендіреді.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті, үміткер:
- Кемал мырза, сіз президент болып сайлансаңыз, не істейсіз? Парламенттің қолдауына ие бола алмаған соң, бірдеңе істей аласыз ба? Жоқ. Заң шығарушы билік қайда беріледі? Әрине, парламентте. Біздің халықтық одақта парламентте 323 депутат бар. Заң жобаларын қалай қабылдауды жоспарлап отырсыз? Біз заң шығарушы және атқарушы биліктің үйлесімді жұмыс істеуі үшін дауысымызды береміз. Бұл жерде екіжақтылықтың пайда болуына жол бере аламыз ба? Бұған жол бермес үшін жексенбі күні сайлауға барып, өз дауысымызды береміз.
Ал оның қарсыласы 74 жастағы Кемал Кылычтароғлының сайлауалды науқанында берген басты уәдесі – елге парламенттік басқару формасын қайта оралту. Сонымен қатар президенттің өкілеттігін қысқартып, қайта сайлану құқығынсыз 7 жылға дейін ұлғайту. Елдегі жемқорлықпен күреспек. Ал сыртқы саяси қызметінде Батыспен, әсіресе АҚШ және Еуроодақпен қарым-қатынасты тереңдете түскісі келеді.
Кемал Кылычтароғлы, «Халық альянсынан» үміткер:
- Еліміздің қазіргі жағдайы мәз емес. Түркия бұл жағдайдан шығуы керек. Мұны істеу үшін біз бірге күресуіміз керек. Жағдайымызға қалай қарасақ та, барлығы пессимистік атмосферада. Бүгінгі таңда Түркияда күрделі экономикалық мәселелер бар. Күні кешеге дейін дауласқан адамдардан ақша сұрап жүрсек, бұл – мәселе бізде деген сөз. Бұл туралы бәріміз хабардармыз. Сондықтан біз сайлауға барып, өз дауысымызды береміз. Біз авторитарлық үкіметті демократиялық жолмен ауыстырамыз.
«Екінші кезеңнің тартысты өтетініне 14 мамырдағы сайлауда президенттікке үміткер болған Синан Оған да себепші болды», - дейді сарапшылар. Олар Оғанға «кингмейкер» деп айдар тағып та үлгерген. Яғни кандидат болмаса да, сайлау нәтижесіне әсер ету мүмкіндігі бар адам деген сөз. Елдегі этникалық күрттердің де дауысы қақ жарылды. Бұған дейін парламентте болған «HDP» Халықтық демократиялық партиясы Кылычтароғлын, ал осы жолы парламентке республикалық одақ құрамынан енген «Hür Dava» партиясы Ердоғанды қолдады. Қоғамдық сауалнамалардың бұл жолғы нәтижесі бойынша Ердоған алда.
Айнұр Ноғаева, халықаралық қатынастар маманы:
- Бірінші кезеңдегі секілді екінші кезеңде де қос үміткер өзінің жеңіске жететінін айтады. Дегенмен сауалнамалардың нәтижесіне сәйкес, Ердоғанның басым екенін көріп отырмыз. Бүкіл әлемдегі секілді экономикалық жағдай Түркияда да қиын. Дегенмен қолдау әлі неге жоғары десеңіз, оны былай түсіндірер едім. Ердоғанның қазірге дейін ұстанып келген дәстүрлі саясатын қолдауы деуге болады. Тіпті қазіргі зілзала аймақтарында да Ердоғанға жоғарғы қолдау көрсетілуі қазірге дейін халықтың өзгеріс емес тұрақтылықты таңдауының бір дәлелі ретінде қарауға болады.
Бірінші турдағы сайлауға 64 миллионнан астам сайлаушының 55 миллионға жуығы қатысты. Пайыздық көрсеткішпен – 85,6 деген сөз. Түркиядағы сайлау ережесіне сәйкес, шетелдегі сайлау учаскелеріндегі сайлау алдын ала өтеді. Мұндағы мақсат – бюллетеньдердің Анкарада саналуы. 20-24 мамыр аралығында әлемнің 73 еліндегі 167 сайлау учаскесінде өтен дауыс беру аяқталды. Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шетелде 2 миллионға жуық түрік азаматы дауыс беруге қатысқан. Бұл елден тыс жердегі дауыс беру құқығына ие азаматтардың 55%-і. Сонымен Түркияның келесі президенті кім? Ертең белгілі болады.