Биыл Сырдың төменгі ағысына келетін судың мөлшері артуы мүмкін
Мамандар «Тоқтағұлдан» секундына 440 текше метр су түсіп жатқанын айтады. Көрсеткіш 460-қа дейін көтерілуі қажет. Ол үшін қырғыз тарапы міндеттемелерін орындауға келісім берді. Күні бұрын Ташкентте осыған қатысты келіссөз өтті. Еліміздің энергетика министрі Орталық Азиядағы әріптестерімен кездесіп, гидронысандардың жұмыс режимін талқылады.
Бауырлас мемлекеттер бірлесіп энергетикалық ресурс тапшылығына жол бермеуге ниетті. Сондықтан қоймалардағы тіршілік нәрін барынша тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығына сақтап қалуды ойластырып жатыр. Мәселен, Қазақстан Қырғызстанға қыркүйектен бастап келер жылдың сәуіріне дейін 1,5 млрд киловатт/сағат электр қуатын жөнелтпек. Сол арқылы «Тоқтағұлдан» жаз айларында қажетті су мөлшерін алуға мүмкіндік туады.
Ералы Шынасылов, «KEGOC» АҚ жүйелік операторы диспетчерлік орталығының директоры:
-Нарын өзеніне келетін судың азаюына байланысты Қырғызстанның энергия жүйесіне қосымша электр энергиясын жеткізуді талқылап жатырмыз. Қырғыз тарапы бізден 1,5 млрд киловат-сағат электр қуатын сұрап отыр. Қазақстан бұл сұранысты толығымен өзі өтемек ниетте. Жетпегенін Ресей федерациясынан алатын боламыз.
Жалпы Қазақстан қырғыз тарапымен келісілген міндеттемелерін орындады. Өткен қыс мезгілінде қажетті мөлшерде электр энергиясын жөнелткен. Ендігі кезек көршімізде.
Олар «Тоқтағұлдан» секундына 460 текше метр су жіберуге тиіс. Қазіргі көрсеткіш бұдан сәл кем. Тағы бір мәселе, аймақтағы электр энергиясына деген тапшылықты өтеу. Осы мақсатта Орталық Азия елдері бірлесіп гидро станция салуды көздеп отыр. Ол үшін су қоры мол Қырғызстандағы «Қамбар ата» қоймасы таңдалды.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
-Қамбар ата ГЭС 1 жобасын салу мәселесін талқыладық. Оны бірлесіп жүзеге асыруға барлық тарап мүдделі. Нәтижесінде аймақ жаңартылған қуат көзімен қамтылады. Суды да үнемдеу жайы басты назарда болады. Станция салу арқылы біз ауыл шаруашылығына қажетті тіршілік нәрін тиімді пайдалана аламыз.
Демек Қырғызстандағы су қоймасы енді қазақ пен өзбек үшін де ортақ стратегиялық нысанға айналуы мүмкін. Себебі жаңа станция құрылысына Қазақстан мен Өзбекстан да қаржы құяды. Жоба құны әзірге нақтыланбады. Дегенмен сарапшылар құрылысқа шамамен 3 млрд доллардан аса қаражат қажет деп болжап отыр. Оның аймақтағы мемлекеттер үшін қажеттігі қазірден байқалып отыр. Жыл сайын қайталанатын электр қуаты мен суға деген тапшылық бүйірден қысып барады.
Авторы: Рауан Мыңбаев