Оңтүстік Кореяда соңғы 50 жылда ең аз неке саны тіркелді
Қылмыс ең аз жасалатын мемлекет Оңтүстік Кореяда соңғы 50 жылда ең аз неке саны тіркелді. Ерлер мен әйелдердің қарым-қатынастарын тіркеуге шешім қабылдайтын жасы да өсті. Неге бұлай болып барады? Некеге не кедергі?
Чой Хи Ён мен Ким Ын Хенің отбасы Оңтүстік Корея стандарттары бойынша ерекше, өйткені ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп отыр. Бұл таңқалдыратын жәйт, өйткені осы елде өткен жылы туудың рекордтық төмен деңгейі тіркелді: бір адамға 0,78. Бұл бір әйелге бір баладан аз келеді деген сөз. Бірақ үйлену жасы көрсеткіші бойынша Хи Ён мен Ын Хенің Оңтүстік Кореяның орташа тұрғыннан айырмашылығы аз, олар 36 және 33 жаста отбасын құрды.
Чой Хи Ён, Инчхон қаласының тұрғыны:
-Кореяда үй алу оңай емес. Бағалары өте жоғары. Қарапайым жұмыс істейтін адамға пәтер алу үшін көп ақша жинау керек, банктен несие алсаңыз да, оны қайтару үшін 20-30 жыл қажет. Үй де, тауар бағасы да, бала тәрбиесі де қымбат. Адам ақша жинап үлгерсе 30-40 жасқа толады, бұл жаста адаммен танысу оңай емес. Сондықтан соңғы кездері корейлер 40 жаста немесе одан кейін үйленіп жатыр.
Чой Хи Ённың отбасы көпбалалы болып саналады, бірақ оған мемлекеттен іс жүзінде ешқандай көмек көрсетілмейді. Ерлі-зайыптыларға олардың жеке кәсібі көмектеседі. Ын Хе күйеуімен бірге үй жинайды, тамақ әзірлейді және балалардың үй тапсырмасын жасайды. Бірақ отағасы отбасы бюджетін басқарады. Хи Ён мен Ын Хе туыстарымен тек үйлену тойлары мен жерлеу рәсімдерде ғана кездеседі. Олардың қарт әке-шешелері бөлек тұрады.
Ким Ын Хе, Инчхон қаласының тұрғыны:
-Бұрын үлкен ұл ата-анасымен бірге тұруға мәжбүр болса, қазір барлығы бөлек тұруды қалайды. Көпшілігі жалғыз тұру ыңғайлы дейді. Көп нәрсе өзгерді, ата-ана қаласа, кенже ұлымен де, қызымен де тұра алады.
Чой Хи Ён, Инчхон қаласының тұрғыны:
-Отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас үзілді. Мектепте оқып жүргенімде таңғы сағат 7:30-да мектепте болып, түнгі 10-ға дейін оқуым керек еді. Үйге 11-де қайттым. Жұмыс күндері туыстарымды көру мүмкін емес еді. Отбасы мүшелерімен кездесіп, шын жүректен әңгімелесуге уақыт болмады. Менің ағам мен әпкем бар, олар басқа қалада тұрады, оларда кездесуге уақыт жоқ.
2022 жылы Оңтүстік Кореяда 191 700 неке тіркелген. Бұл статистика басталған 1970 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Ажырасу көрсеткіші де жоғары – әрбір үшінші неке бұзылады. Некеге тұрудың орташа жасы ерлер үшін 33 жастан, әйелдердікі 31 жастан жоғары. Ал бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Елде аналық жыныс жасушасын мұздату процедурасы танымал. Оны әйелдер үйленгеннен кейін ана болу мүмкіндігі болу үшін жасайды.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян